Израиль Газаға 60 күн оқ атпайды: Трамп мәмілеге қол жеткізгенін айтты

Автор: Темірхан Айжан

Енді ХАМАС-тың шешімі керек 

Фото: AFP

АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль өкілдерімен Вашингтондағы кездесу кезінде Газада атысты тоқтату жөніндегі келісімге келгенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Бүгін менің өкілдерім израильдіктермен Газа мәселесі бойынша ұзақ әрі жемісті кездесу өткізді. Израиль 60 күндік бітім орнатуға қажетті шарттарға келісті. Осы уақыт ішінде біз барлық тараппен соғысты тоқтату үшін жұмыс істейміз», - деп жазды Трамп өзінің Truth Social парақшасында.

Ол Израильдің қандай шартқа келіскенін ашып айтқан жоқ.

АҚШ президентінің айтуынша, бейбіт келісімге қол жеткізуге тырысып жатқан Қатар мен Египет өкілдері ХАМАС тобына соңғы ұсынысты жеткізеді.

«Таяу Шығыстың игілігі үшін ХАМАС бұл келісімді қабылдайды деп үміттенемін, себебі енді жағдай жақсармайды, тек нашарлай береді», -  деді Трамп.

Бұған дейін америкалық басылымдар Израильдің стратегиялық жоспарлау министрі Рон Дермердің Вашингтонға келгенін хабарлаған болатын. Ол Ақ үй өкілдерімен Газадағы және Ирандағы жағдайды, сондай-ақ Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың АҚШ-қа жоспарланған сапарын талқылауы тиіс еді.

Еске салсақ, Газадағы атысты тоқтату туралы үш кезеңнен тұратын бастапқы келісім 19 қаңтарда күшіне енген. Алайда оның тек бірінші кезеңі ғана жүзеге асты. Наурыз айында Израиль әскері Газаны қайтадан атқылай бастады. Нетаньяху кеңсесі мұны ХАМАС-тың тұтқындарды босатудан бас тартты және АҚШ пен араағайындардың ұсыныстарын қабылдамады деп түсіндірген.

Мамыр айының соңында ХАМАС 60 күндік бітім туралы ұсынысқа өз жауабын берді, алайда шарттарды АҚШ пен Израиль қабылдамады. Араб елдері араағайындықты Каирде қайта жалғастыруға тырысып жатыр.