Үндістанда ұшақ апатынан қаза тапқандардың отбасыларына қосымша 25 мың еуродан беріледі

Автор: Алмас Ерсін

Тірі қалған жалғыз жолаушы да өтемақы алады

Фото: DW

Air India әуе қомпаниясы Boeing 787-8 Dreamliner ұшағында қаза тапқан жолаушылардың отбасыларына 25 000 еуродан төлейді, бұл ақшаны 242 адамның ішінде жалғыз өзі аман қалған Вишвашкумар Рамеш те алады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy DW-ге сілтеме жасап.

Бұл қаржы Tata Group компаниясы беретін 10 миллион рупий (шамамен 100 570 еуро) көлеміндегі өтемақыға қосымша төленеді.

Ұшақ тұрғын үйге құлады

Ахмедабадтан Лондонға AI 171 рейсін орындаған әуе лайнері 12 маусымда әуеге көтерілгеннен кейін көп ұзамай апатқа ұшырады.

Ресми ақпарат бойынша кем дегенде 270 адам қаза тапты, бірақ құрбандардың нақты саны әлі анықталған жоқ. Ахмедабад полициясының хабарлауынша, мәйіттердің қатты күйіп кетуіне байланысты олардың кім екенін анықтау қиындық тудырып  жатыр.

Бір жолаушы аман қалды

Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша тек бір адам – 40 жастағы Ұлыбритания азаматы аман қалды. Вишвашкумар Рамеш 11А орнында отырған, ол жарақат алса да, қирандылардың арасынан шығып үлгерді. Рамештің бортта болған інісі көз жұмды.

Қайғылы оқиғаның себебін анықтау жұмыстары жалғасып жатыр. Үндістан билігі халықаралық сарапшыларды тартуға уәде берді.