$ 541.93  636.71  6.83
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ұлы қалыңдығына тікұшақпен барып, ұсыныс жасаған: Моңғолия премьері отставкаға кетті

Халық екі апта бойына наразылыққа шықты 

Ұлы қалыңдығына тікұшақпен барып, ұсыныс жасаған: Моңғолия премьері отставкаға кетті
Фото: AFP/Getty Images

Ұлан-Батырдағы екі аптаға жуық халық наразылығынан кейін Монғолия премьер-министрі Оюун-Эрдэнэ Лувсаннамсрайн отставкаға кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. CNN-ге сілтеме жасап. 

Жұрттың жаппай билікке қарсылық білдіруіне Үкімет басшысының ұлының аста-төк байлығын көрсеткені себеп болған. Әлеуметтік желілерде тараған бейнематериалдарда премьер-министрдің 23 жастағы ұлы қалыңдығына тікұшақпен ұшып барып, сөз салып, қымбат жүзік, дизайнерлік сөмкелер сыйлап, люкс санатты көлікпен қыдыртып, көзге түскен. Бұл кадрлар қоғамның ашу-ызасын туғызды.

Наразылық білдірушілер елде байлық пен биліктің аз ғана топтың қолына шоғырланғанын, ал қарапайым халық өлместің күнін көріп отырғанын айтып, қатаң сынға алды. Олар сайлау алдында «ауылдағы орташа отбасынан шықтым» деген Оюун-Эрдэнэнің билікке жеткен соң, аз ғана жылдың ішінде байып кеткеніне таңданысын жасырмады.

«Монғолияда өмір сүру қиындады. Халық тапқан табысының жартысын салыққа төлеп, нанға ақша таппай отыр. Оның үстіне үй жалдап тұрады, коммуналды төлемдер де бар. Адамдар қарызға батқан. Соны көре отырып, биліктегілер сән-салтанатты өмірін ұялмай көрсетіп отыр. Бұл бетімізден шапалақпен тартып жібергендей әсер етті», -деді Амина есімді наразылыққа шыққан әйел.

23 жастағы Ұлан-Батыр тұрғыны Ариунзаяа Хаджидма: «Мен әділетті қоғамды қалаймын. Мемлекеттік қызметкерлер халық алдында жауапты болуы керек. Біз шаршадық, енді үнсіз қала алмаймыз», - дейді. Ол екі айлық сәбиімен шеруге шыққан.

Наразылық білдірушілер екі апта бойы күн сайын дерлік Үкімет сарайының алдына жиналып, Оюун-Эрдэнэден қаржылық жағдайын ашық көрсетуді және отставкаға кетуді талап етті.

Үкіметке қарсы сенім вотумы парламентте дүйсенбі күні өтті. Оюун-Эрдэнэ қажетті дауыс жинай алмай, отставкаға кететінін хабарлады.Премьер-министрдің кеңсесі қаржылық айыптауларды жоққа шығарып, оның жыл сайын табысы мен мүлкі туралы декларация тапсырып отырғанын мәлімдеді. Сонымен қатар, Оюун-Эрдэнэ мен ұлы өз еркімен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікке жүгінген.

Оюун-Эрдэнэнің ұлының байлығын ашық көрсетуі наразылыққа түрткі болды. Соңғы жылдары өмір сүру құны күрт өсті, инфляция шарықтаған. Белсенділер елдегі әлеуметтік теңсіздік пен жемқорлыққа қарсы нақты реформаларды талап етіп отыр.

Саяси сарапшылар бұл дағдарысты Моңғолия демократиясы үшін маңызды сынақ деп бағалап отыр.

Серіктес жаңалықтары