$ 518.34  591.06  6.27
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Үндістанда лаңкестік топ туристерге қарулы шабуыл жасады: 26 адам қаза тапты

Бұл – елде соңғы екі онжылдықтағы ең ірі шабуылдардың бірі

Үндістанда лаңкестік топ туристерге қарулы шабуыл жасады: 26 адам қаза тапты
Фото: Reuters

Үндістанның Джамму және Кашмир аумағында туристерге жасалған қарулы шабуылдан 26 адам қаза тауып, 17 адам жарақат алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Reuters-ке сілтеме жасап.

Оқиға сейсенбі күні Пахалгам аймағындағы тау етегіндегі жазықта болған. Қаза тапқандардың ішінде 25 Үндістан азаматы және 1 Непал азаматы бар. Жараланғандардың жағдайы тұрақты.

Куәгерлердің айтуынша, әскери форма киген екі қарулы адам атпен серуендеп жүрген туристерге оқ жаудырған.

Әлеуметтік желіде «Kashmir Resistance» атты топ өздерінің шабуыл ұйымдастырғанын мәлімдеген. Ұйым аймаққа «85 мыңнан астам бөгде адамның» қоныстануына қарсылық білдіріп, демографиялық өзгерістерге наразылық танытқан.

Үндістан билігі бұл топты Пәкістандағы «Lashkar-e-Taiba» және «Hizbul Mujahideen» сияқты ұйымдардың бірі деп санайды. Екі ұйым да бірнеше елде террористік деп танылған.

Премьер-министр Нарендра Моди Сауд Арабиясына жоспарланған сапарын тоқтатып, Үндістанға оралды. Қауіпсіздік кеңесі шұғыл отырыс өткізіп, жағдайды талқылады. Қаржы министрі Нирмала Ситхараман да шетелдік сапарын тоқтатып, еліне қайтты.

Пәкістан сыртқы істер министрлігі қаза тапқандардың отбасына көңіл айтып, жараланғандардың тез сауығуын тіледі.

Шабуылға байланысты аймақта наразылық күшейді. Бірқатар мектептер сабақ өткізуді уақытша тоқтатты. Туристер аймақтан кетіп жатыр. Үкімет Шринагар қаласынан қосымша рейстер ұйымдастырып, билет бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету жөнінде авиакомпанияларға тапсырма берді.

Серіктес жаңалықтары