Қытай Трамптың баж салығына жауап берді
Олар да тура 34% салық салмақ

Қытай АҚШ-тың шетелдерге ұстанып отырған салық саясатына жауап қайтарды. Аспанасты елі америкалық тауарларға 34% баж салығын енгізетін болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy АР- ке сілтеме жасап.
Сонымен қатар Қытай сауда министрлігі компьютерлік чиптер мен электромобиль батареялары сияқты жоғары технологиялық өнімдерді жасауда қолданатын сирек жер металдарына экспорттық бақылауды күшейтетінін мәлімдеді.
Қытай үкіметі 27 америкалық компанияны сауда санкцияларына немесе экспорттық бақылауға жататын компаниялардың тізіміне қосатынын айтып, тарифтер мәселесі бойынша Дүниежүзілік сауда ұйымына талап-арыз бергенін жариялады.
Еске салсақ, бұған дейін АҚШ 185 мемлекетке өзара принцип бойынша кедендік баж салығын енгізген еді. Оның ішінде Қытай тауарларына баж салығын 34% деп белгілеген.
Өз кезегінде Қазақстанға 27 пайыздық баж салығы белгіленді. Ақ үйдің мәліметінше, Қазақстанда америкалық өнімдерге 54 пайыздық баж салығы бар.