Зеленский Путинді Түркиядағы келіссөзге шақырды: Мәскеу өз шартын қойды
Зеленский кездесуді Түркияда өткізуді ұсынса, Мәскеу келіссөз алаңы ретінде Ресей астанасын атады
Украина президенті Владимир Зеленский Ресей президенті Владимир Путинмен Түркияда келіссөз жүргізуге дайын екенін мәлімдеді. Ал Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Ресей басшысының жеке кездесуге қарсы емес екенін, алайда оның Мәскеуде өтуі керегін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сонымен қатар Ресей, АҚШ және Украина арасындағы үшжақты келіссөздердің кезекті кезеңін Абу-Дабиде өткізуге дайындық жалғасып жатыр.
Зеленский Түркиядағы келіссөздерге қызығушылық танытатынын CNN Türk телеарнасына берген сұхбатында айтты. Оның сөзінше, Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоғанның Путинмен байланысы мұндай кездесуді ұйымдастыруға көмектесуі мүмкін.
«Президент Ердоғанның Путинмен байланысы бар екенін білемін. Сондықтан біз Түркияда кездесу өткізу бастамасын қолдаймыз», – деді Зеленский.
Украина президенті Түркияда бұған дейін делегациялар арасында келіссөздер өткенін, ал Біріккен Араб Әмірліктерінде техникалық топтардың кездескенін еске салды. Белгілі бір нәтижелерге қол жеткізілгенімен, соғыс әлі жалғасып жатыр. Оның пікірінше, келіссөзді одан әрі ілгерілету үшін ел басшыларының саяси ерік-жігері қажет.
Зеленский көшбасшылар кездесуі нақты нәтижеге жеткізуі тиіс екенін де атап өтті. Әйтпесе, мұндай кездесуді дипломатияның сәтсіздігі деп бағалауы мүмкін.
Ресей қай жерде кездесуді ұсынады?
Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров 30 қазанда Атлантада өткен G20 елдері сыртқы істер министрлерінің кездесуінен кейін журналистерге берген сұхбатында Путиннің Зеленскиймен жеке келіссөзден бас тартпайтынын мәлімдеді. Алайда министрдің айтуынша, кездесу Ресей астанасында өтуі керек. Бұл туралы «Интерфакс» хабарлады.
«Президент Путин, егер ол кездескісі келсе, Мәскеуге келсін деген болатын», – деді Лавров.
Ресей Сыртқы істер министрлігінің басшысы Зеленский Мәскеуге келген жағдайда Ресей оның қауіпсіздігіне кепілдік беретінін айтты.
Лавров Ресей, АҚШ және Украина арасындағы үшжақты келіссөздердің келесі кезеңін Абу-Дабиде өткізуге дайындық жалғасып жатқанын да растады. Алайда оның және АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың бұл дайындық жұмыстарына тікелей қатысы жоқ.
«Марко Рубио да, мен де бұл келіссөздерді дайындау жұмыстарына тікелей араласып жатқан жоқпыз. Ресей президенті Владимир Путиннің шешімімен баршаға белгілі делегация құрылған. Олар серіктестерімен бірге келіссөз жүргізіп, кездесетін орынды келісіп жатыр», – деді министр.
Лавровтың айтуынша, Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков пен баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бұған дейін кездесудің болжамды мерзімі ретінде қараша айының ортасын атаған. Нақты күндер түпкілікті келісілгеннен кейін жарияланады.
«Абу-Дабидегі келіссөздерге келсек, олардың өтетінін айта аламын. Біздің ұстанымымыз белгілі. Ал украиналықтардың келіссөз үстеліне қандай ұсыныспен келетіні әзірге түсініксіз», – деді Ресей Сыртқы істер министрлігінің басшысы.
Лавров Зеленскийдің Украинаның Ресей аумағындағы нысандарға соққы бере алатын алыс қашықтыққа ұшатын зымырандары бар екені туралы мәлімдемелері кездесуге дайындық барысына кері әсер етіп жатқанын да айтты.
Айта кетейік, 31 қазанда Зеленский Ыстанбұлда Ердоғанмен кездесті. Украина президенті кеңсесінің мәліметінше, тараптар қараша айының алғашқы жартысында үшжақты форматта өтетін келіссөздерге дайындықты, сондай-ақ Түркия мен Еуропалық серіктестердің ықтимал қатысуын талқылаған.