Трамп Венесуэланы АҚШ-тың 51-штатына айналдыруды ұсынды

Автор: Алмас Ерсін

Осылайша ол елде президенттің орнына губернатор сайлауды ұсынды

Фото: GETTY IMAGES

АҚШ президенті Дональд Трамп Техас штатында өткен митинг кезінде Венесуэланы Америка Құрама Штаттарының 51-штаты ету туралы ұсыныс айтты. Оның сөзінше, бұл жағдайда елде президенттің орнына губернатор сайлануы мүмкін,  деп хабарлайды Azattyq Rýhy шетелдік БАҚ-қа сілтеме жасап.

«Мүмкін, жақын арада ол гүлденген 51-штатқа айналар. Бұл әбден мүмкін. Келіңіздер, осылай жасайық. Венесуэланы 51-штат етейік, сонда президенттің орнына губернатор сайлауын өткіземіз. Қалай қарайсыздар? Түсініп отырсыздар ма?» – деді Дональд Трамп.

Бұған дейін Fox News журналисі Джон Робертс телефон арқылы сөйлескен кезде АҚШ президенті оған Венесуэлаға қатысты жоспарын айтқанын мәлімдеген. Журналистің сөзінше, Трамп Венесуэланы АҚШ құрамына 51-штат ретінде қосу мүмкіндігін байыппен қарастырған.

Кейін АҚШ президентінің әлеуметтік желідегі парақшасында Венесуэланың картасы мен «51-штат» деген жазуы бар сурет жарияланды.

Сонымен қатар Дональд Трамп испан тілін үйреніп, Венесуэла президенті болу жоспары бар екенін де айтқан. Ол бұған дейін Венесуэла АҚШ-тың 51-штатына айналғандай бейнеленген картаны да жариялаған.