Екінші ұшқыш командирге шабуыл жасап, ұшақты құлатпақ болған болуы мүмкін
Дубайдан Тель-Авивке ұшқан Flydubai ұшағы 30 қыркүйекте ұшқыштар кабинасындағы жанжалдан кейін Сауд Арабиясына шұғыл қонуға мәжбүр болды. Алдын ала мәлімет бойынша, ұшқыштардың бірі екіншісіне пышақпен шабуыл жасаған. Осыдан кейін ұшақ күрт төмендеген. Израиль билігі теракт жасау әрекеті болуы мүмкін деген нұсқаны қарастырып жатыр. Алайда шабуыл жасаған ұшқыштың нақты мақсаты әзірге анықталған жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy DW басылымына сілтеме жасап.
Boeing 737 MAX 8 ұшағының бортында 174 жолаушы, оның ішінде 27 бала болған. Жолаушылардың басым бөлігі Израиль азаматтары еді. Кейін олардың барлығы басқа ұшақпен Тель-Әвіге аман-есен жеткізілді.
Ұшақ күрт төмендеген
Дубайдан ұшып шыққаннан кейін шамамен 2,5 сағат өткенде әуе кемесі күрт төмендей бастаған. Flightradar24 мәліметінше, ұшақ қысқа уақыт ішінде шамамен 14 мың фут биіктіктен төмендеген.
Осыдан кейін экипаж төтенше жағдайды білдіретін 7700 кодын жіберген. Бірнеше минуттан соң ұшаққа заңсыз араласу, соның ішінде әуе кемесін басып алу әрекеті кезінде қолданылатын 7500 коды берілген.
Осыдан кейін ұшақ Сауд Арабиясындағы Табук әуежайына бағыт алып, шұғыл қонған.
Бір ұшқыш екіншісіне шабуыл жасаған
Алдын ала мәлімет бойынша, жанжал екі ұшқыштың арасында болған. Олардың бірі, болжам бойынша екінші ұшқыш, әуе кемесінің командиріне пышақпен шабуыл жасаған.
Жолаушылар кабинадан айқайлаған дауыстарды естігенін айтқан. Осыдан кейін кабина есігі ашылып, олар жараланған ұшқышты көрген. Бірнеше жолаушы кабинаға кіріп, шабуыл жасаған адамды залалсыздандыруға көмектескен.
Ұшақ бортында жолаушы ретінде сапар шегіп бара жатқан тағы екі ұшқыш болған. Оқиғадан кейін олар экипажға ұшақты Табук әуежайына қондыруға көмектескен. Екі ұшқыш та жарақат алып, ауруханаға жеткізілген.
Шабуыл жасады деген күдікке ілінген адамды Сауд Арабиясының билігі ұстаған.
Теракт жасау әрекеті болуы мүмкін деген нұсқа қарастырылып жатыр
Оқиғадан кейін Израиль билігі ұшқыш жолаушылармен бірге әуе кемесін әдейі апатқа ұшыратуға әрекеттенуі мүмкін деген нұсқаны тексере бастаған.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху ұшқыштардың бірі екіншісіне пышақпен шабуыл жасап, ұшақты апатқа ұшыратуға әрекеттенген болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, жолаушылар мен экипаж мүшелері үлкен апаттың алдын алған.
Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кац алдын ала мәліметтер шабуыл жасаған адамның борттағы барлық адаммен бірге ұшақты апатқа ұшыратуды көздегенін көрсететінін айтты. Ол болған оқиғаны теракт жасау әрекеті деп атады.
Сонымен бірге ұшқыштың нақты мақсаты ресми түрде әлі анықталған жоқ. Тергеу барысында оның ұшақты басып алуды, әдейі апатқа ұшыратуды немесе басқа әрекетті көздегені анықталуға тиіс.
Flydubai тергеу аяқталғанша қорытынды жасамауға шақырды
Әуе компаниясы ұшақ кабинасында жанжал болғанын растады. Компанияның мәліметінше, экипаж жағдайды бақылауға алып, ұшақты Сауд Арабиясына қондыра алған.
Flydubai оқиғаның себептері мен оған түрткі болған жағдайлар әзірге белгісіз екенін және ресми тергеу барысында анықталып жатқанын мәлімдеді. Компания барлық мән-жай анықталғанша асығыс қорытынды жасамауға шақырды.
Біріккен Араб Әмірліктерінің авиациялық билігі де тергеу жалғасып жатқанын хабарлады. Олардың мәліметінше, әуе қауіпсіздігіне қатысты оқиға бақылауға алынған.
Бұған дейін Дубайдан Тель-Авивке бағыт алған Flydubai ұшағы апаттық сигнал беріп, Сауд Арабиясына шұғыл қонғаны хабарланған болатын. Израильдің ресми тұлғаларына сілтеме жасаған жергілікті БАҚ мәліметінше, бұған ұшқыштар арасындағы жанжал себеп болуы мүмкін.