Иран АҚШ-пен келіссөздерді жалғастыруға дайын екенін айтты
Тегеран 17 маусымда АҚШ-пен қол қойылған өзара түсіністік туралы меморандумды ұстанады. Бұл туралы Иран президенті Масуд Пезешкиан АҚШ-пен келіссөздер үдерісіне қатысты CBS News телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Пезешкиан Иранның АҚШ-пен жасалған меморандумды ұстанатынын және оның талаптарын орындауға дайын екенін атап өтті.
«Үдеріс барысында келіспеушіліктер туындауы мүмкін. Алайда оларды реттеу үшін осы уақытқа дейін болмаған сабырлылық, ұстамдылық және өзара төзімділік қажет», – деді ол.
Иран президенті АҚШ пен Израильдің әрекеттерін де сынға алды.
«АҚШ пен Израильдің пікірінше, мектепте оқып жүрген балалар – террорист, біздің діни көшбасшымыз – террорист, университеттерде ғылыми зерттеулермен айналысатын ғалымдар – террорист. Олар еш қиналмастан келіп, адам өлтіреді де, кейін кетіп қалады және бүкіл әлемге: «Біз террористермен күресіп жатырмыз», – деп мәлімдейді, – деді ол.
Пезешкиан осы уақытқа дейін Иран көшбасшысы Моджтаба Хаменеймен екі рет кездескенін, соңғы кездесу жеті сағаттан астам уақытқа созылғанын айтты.
«Медициналық тұрғыдан алғанда, оның денсаулығы жақсы», – деді президент.
Елдің ядролық бағдарламасына қатысты Пезешкиан ядролық қару жасауға тыйым салынғанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, Иранда ядролық қару жасауды қолдайтындар болған күннің өзінде, «діни тұрғыдан алғанда бұған рұқсат етілмейді».
Пезешкиан АҚШ-ты Ирандағы ішкі оқиғаларға араласты деп те айыптады.
«Трамптың арандатушыларды қаруландырғанын және оларды көшеге шығару үшін қару бергенін мойындаған сөзін естідіңіздер ме? Кейін бұл адамдар жұмысқа тартылды, ал кейбіріне қару берілді. Қай шеруде қауіпсіздік күштері мен әскери қызметшілердің 500-і қаза табады? Олар мемлекеттік төңкеріс жасауға тырысты. Бұл әрекет сәтсіздікке ұшырағаннан кейін, бізге 40 күндік соғыс таңылды», – деді Пезешкиан.