Ұшақ өртенген
Пуэрто-Рикодан Майамиге ұшып келген жүк ұшағы ұшу-қону жолағынан шығып кетіп, көліктерге соғылды. Апат салдарынан 5 адам қаза тауып, тағы 5 адам жарақат алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ВВС жазғандай, Boeing 767-300 ұшағы қону кезінде жолақтан шығып, әуежай маңындағы логистикалық кешеннің алдында тұрған бірнеше көлікке соғылған. Артынша ұшақ өртенген.
Майами-Дейд округінің мэрі Даниэлла Левин Кава 5 адамның қаза тапқанын растады. Майами өрт сөндіру қызметінің басшысы Райед Джадаллахтың айтуынша, тағы 5 адам жарақат алған, олардың үшеуінің жағдайы ауыр.
Ұшақ 21 Air компаниясына тиесілі болған. Ол Пуэрто-Рикодағы Луис Муньос Марин атындағы халықаралық әуежайдан Майамиге 7598 рейсімен ұшып келген. Апаттан кейін әуежай уақытша жабылып, бірқатар рейс кешіктірілген және тоқтатылған.
Апаттың себептерін АҚШ-тың Ұлттық көлік қауіпсіздігі кеңесі (NTSB) тексеріп жатыр. Ведомство оқиға орнына мамандарын жіберді.