Непалдағы су тасқынынан қаза тапқандар саны 157-ге жетті
400-ден астам турист із-түзсіз жоғалғандар қатарында
Непалдағы жойқын су тасқынынан қаза тапқандар саны 157-ге жетті. Қытайдың Тибет аумағында тағы үш адам қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Reuters-ке сілтеме жасап.
Апат 26 тамызда Непал мен Қытай шекарасына жақын орналасқан биік таулы Расува ауданында болды. Су, лай мен тас араласқан жойқын ағын үйлерді, жолдарды, көпірлерді, көліктерді және гидроэнергетика нысандарын шайып кеткен. Бейнежазбалардан табиғи апаттың шекара бекетінде болған адамдарды ағызып әкеткенін көруге болады. Непалдың Туризм министрлігінің соңғы мәліметі бойынша, 400-ден астам турист із-түзсіз жоғалғандар қатарында. Олардың шамамен 340-ы – шетел азаматтары.
Непалдың Туризм кеңесінің өкілі Сунил Шарма із-түзсіз жоғалғандар арасында:
- қажылыққа барған Үндістанның 133 азаматы;
- АҚШ-тың 47 азаматы;
- Австралияның 34 азаматы;
- Ұлыбританияның 33 азаматы;
- Канаданың 24 азаматы бар екенін хабарлады.
Із-түзсіз жоғалғандар арасында Германия, Испания, Нидерланд, Малайзия, Оңтүстік Африка және басқа да елдердің туристері бар. Сонымен қатар Оңтүстік Корея су электр станциясының құрылысында жұмыс істеген сегіз азаматының жоғалғанын хабарлады.
Тибет аумағында кемінде үш адам қаза тауып, тағы 265 адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында. Көшкін Гьиронг шекара бекетіне түсіп, жолдарды, байланыс және электр желілерін зақымдады.
Алдын ала болжам бойынша, су тасқыны мұздықтың бір бөлігінің опырылып түсуінен болған. Мұздықпен бірге аңғарға тас пен топырақ құлап, соның салдарынан су мен лай араласқан қуатты ағын пайда болған.
Сарапшылардың мәліметінше, мұздық шамамен 5,2 мың метр биіктікте бөлініп, 1,2 мың метр төменге құлаған. Ағын Лхенде-Кхола, Бхоте-Коши және Тришули өзендері арқылы өткен. Бір учаскеде небәрі жарты сағат ішінде су деңгейі тоғыз метрге көтерілген.
Апат болардан аз уақыт бұрын бұл ауданда магнитудасы 4,4 жер сілкінісі болған. Ол мұздықтың опырылуына себеп болуы мүмкін, алайда бұл болжам әзірге расталған жоқ.
Құтқарушылар із-түзсіз жоғалғандарды іздеуді жалғастырып жатыр. Қираған жолдар, лай мен судың жоғары деңгейі іздеу жұмыстарын қиындатып отыр. Тікұшақтар әзірге зардап шеккен кейбір аудандарға қона алмай жатыр.