26.08.2026, 21:29
Әлем

Непалдағы жойқын су тасқыны: қазақстандықтар туралы не белгілі?

Зардап шеккендер мен жоғалғандар арасында Қазақстан азаматтары жоқ

Непалдағы жойқын су тасқыны: қазақстандықтар туралы не белгілі?
Фото: REUTERS/Navesh Chitrakar

Непал мен Қытай шекарасында болған ауқымды су тасқынынан кемінде 95 адам қаза тауып, жүздеген адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ҚР Сыртқы істер министрлігі осы уақытқа дейін бұл тізімдерде қазақстандықтар жоқ екенін мәлімдеді.

«Қазіргі уақытта Непал мен Қытай шекарасындағы су тасқынынан зардап шеккендер мен із-түзсіз жоғалғандар арасында Қазақстан азаматтары жоқ», – деді СІМ ресми өкілі Жанболат Үсенов.

СІМ жағдай министрліктің бақылауында екенін айтты.

Табиғи апат ондаған адамның өмірін қиды

Су тасқыны 26 тамызда Непал мен Қытай шекарасындағы өзенге орасан зор лай мен тас массасы құлағаннан кейін болды. Қатты су ағыны үйлерді, жолдар мен көпірлерді, сондай-ақ энергетикалық инфрақұрылым нысандарын қиратып кеткен.

Reuters мәліметінше, Непалда 95 адамның денесі табылды. Жүздеген адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында, олардың арасында 300-ден астам шетелдік саяхатшы бар.

Апаттың себебі әзірге анықталып жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, қар мен тастың опырылып түсуіне су тасқыны басталардан аз уақыт бұрын тіркелген магнитудасы 4,4 жер сілкінісі себеп болуы мүмкін.

Құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Билік өзеннің жоғары ағысында үйінділердің жиналуына байланысты жаңа су тасқыны болуы мүмкін екенін ескертті.

Табиғи апат шекараның Қытай жағын да қамтыды. Тибеттегі Гиронг шекаралық ауданында жолдар, байланыс және электр желілері зақымданған.