АҚШ Иранға салмағы бір тоннаға жуық авиабомба тастады

Автор: Алмас Ерсін

The New York Times мәліметінше, соққы тұрғын ауданға жасалып, салдарынан үш адам қаза тапқан

Фото: © istockphoto.com

АҚШ әскері 30 шілдеге қараған түні Иранның Кешм аралындағы тұрғын үйге соққы жасау үшін ең қуатты ядролық емес бомбаларының бірін қолданған. Салдарынан үш адам қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy The New York Times  басылымына сілтеме жасап. 

Айта кетерлігі, жарылыстан қалған шұңқырдың көлемі мен оқ-дәрі қалдықтары салмағы шамамен 907 келі болатын ауыр MK-84 авиабомбасы қолданылғанын көрсетеді.

Газетаның мәліметінше, тұрғын үйдің маңынан қандай да бір әскери нысанның бар екенін дәлелдейтін айғақ табылмаған. Соққы халық тығыз орналасқан ауданға жасалған.

АҚШ Орталық қолбасшылығының (CENTCOM) өкілі, капитан Тим Хокинс The New York Times басылымына америкалық әскери басшылықтың бұл соққыдан хабардар екенін және алынған мәліметтерді зерттеп жатқанын айтты. Сондай-ақ ол АҚШ-тың бейбіт тұрғындарға соққы жасамайтынын мәлімдеді.

АҚШ пен Израиль Иранмен қақтығысты 28 ақпанда бастады.