Бүгін, 02:17
Әлем

Мәскеу орталығында жарылыс болды: қаза тапқандар мен зардап шеккендер бар

Алдын ала мәлімет бойынша, жарылыс кезінде мейрамханада 50-ден астам адам болған, шамамен 20 адам зардап шекті

Мәскеу орталығында жарылыс болды: қаза тапқандар мен зардап шеккендер бар
Фото: t.me/moscowtop

Мәскеудің орталығындағы Кудринская алаңында орналасқан биік ғимараттағы итальян мейрамханасында жарылыс болды. Алдын ала мәлімет бойынша, қаза тапқандар бар, шамамен 20 адам зардап шекті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy DW-ге сілтеме жасап.

Оқиға болған ғимараттың маңы қоршауға алынды. Полиция мен Росгвардия қызметкерлері төтенше жағдай орнына кіруді шектеді. Құтқарушылар мен дәрігерлер зардап шеккендерге көмек көрсетіп жатыр.

Жарылыс кезінде мейрамханада 50-ден астам адам болуы мүмкін. Ол жерде жеке іс-шара, алдын ала мәлімет бойынша, үйлену тойы өтіп жатқан. Куәгерлер жараланғандарды ғимараттан зембілмен алып шыққанын айтты.

Оқиғаның алдын ала нұсқасы – асүйдегі газдың жарылуы. Алайда жарылыстың ресми себебі әзірге жарияланған жоқ.

Оқиға орнына қосымша жедел жәрдем бригадалары, жол полициясы қызметкерлері және қала билігінің өкілдері келді.

Төтенше жағдайға байланысты Садовое кольцо бойымен өтуі тиіс түнгі велофестиваль де тоқтатылып, қатысушылар қауіпсіздік мақсатында эвакуацияланды.