Шенгенге қауіп төнді: Италия Испаниямен шекарасын жапты

Автор: Алмас Ерсін

Сеутадағы миграциялық дағдарысқа байланысты Рим Испанияға қатысты Шенген келісімінің қолданысын уақытша тоқтатты

Фото: © istockphoto.com

Италия Испанияға қатысты Шенген келісімінің күшін уақытша тоқтатып, Сеутадағы миграциялық дағдарысқа байланысты екі ел арасындағы әуе және теңіз шекараларын жапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Euronews-ке сілтеме жасап.

Бұл туралы шешім Италияның ішкі істер министрі Маттео Пьянтедозидің төрағалығымен өткен ведомство кеңесінде қабылданды. Жиында шекарадағы ахуал мен Көші-қон және шекара қауіпсіздігін талдау комитетінің баяндамалары қаралған.

Бұған дейін мұндай қадам жасалуы мүмкін екенін Италия премьер-министрі Джорджа Мелони, сондай-ақ вице-премьерлер Антонио Таяни мен Маттео Сальвини мәлімдеген болатын. Бұған Испанияның Сеута анклавына заңсыз мигранттардың күрт көбеюі себеп болған.

Сонымен қатар Франция да Испаниямен арадағы құрлық шекарасындағы бақылауды күшейтетінін жариялады. Франция президенті Эммануэль Макрон Париждің жағдайды реттеу үшін Испания билігіне қолдау көрсетуге дайын екенін айтты.

Римнің шешімі Мадридтің наразылығын туғызды. Испанияның сыртқы істер министрі Хосе Мануэль Альбарес түсініктеме беру үшін Италияның Мадридтегі елшісін шақыртты. Испания Сыртқы істер министрлігі Сеутадағы дағдарыстың мигранттарды заңдастыру бағдарламасына қатысы жоқ екенін, оның Жоғарғы соттың жуырдағы шешімін қылмыстық топтардың өз мүддесіне пайдалануы салдарынан туындағанын мәлімдеді.

Италиядан кейін Финляндия, Нидерланд, Дания, Чехия және Швеция да бұл мәселеге қатысты қатаң ұстаным білдірді. Финляндияның ішкі істер министрі Мари Рантаненнің айтуынша, Испания Шенген аймағының сыртқы шекарасын тиісті деңгейде қорғай алмаған.

Ал Еуропалық комиссияның ішкі істер жөніндегі комиссары Магнус Бруннер Сеутадан Еуроодақтың өзге елдеріне мигранттардың жаппай өтуі тіркелмегенін айтты. Ол сондай-ақ Сеута мен Мелильяға қатысты Шенген кодексінің арнайы ережелері қолданылатынын және Сеуташығатын адамдарға тексеру жалғасып жатқанын еске салды.

Италия үкіметінің бұл шешімі ел ішінде қызу саяси пікірталас тудырды. Оңшыл партиялар уақытша шектеуді мемлекеттік шекараны қорғауға бағытталған қажетті шара деп қолдаса, оппозиция Джорджа Мелони үкіметін миграциялық дағдарысты саяси мақсатта пайдаланып отыр деп айыптады.

Бүгін бұған дейін Италия премьер-министрі Джорджа Мелони мигранттар санының күрт өсуіне байланысты Испанияға қатысты Шенген келісімінің қолданысын уақытша тоқтатуды қоса алғанда, «төтенше шараларды» қарастыруға дайын екенін мәлімдеген еді. Ол қалыптасқан жағдайды «алаңдатарлық» деп бағалап, Италияның қарап отырмайтынын айтты. Соңғы бір тәулікте Испанияның Сеута және Мелилья анклавтарына шамамен 50 мың заңсыз мигрант кірген.