Құрылтай сайлауы Қазақстанның шетелдік серіктестерінің назарын аударуда
Aju News Corporation медиатобының президенті өз үндеуінде Құрылтай сайлауы қарсаңында Қазақстан халқына жылы лебізін жолдады
Алдағы Құрылтай депутаттарының сайлауы саясаттанушылар мен ғалымдардың ғана емес, Қазақстанмен көп жылдан бері тығыз байланыс орнатып келе жатқан ірі шетелдік ұйымдар басшыларының да қызығушылығын тудыруда. Осы маңызды оқиғаға қатысты пікірін Aju News Corporation медиатобының президенті және Қазақстан-Корея достық қауымдастығының төрағасы Квак Ён Гиль білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Квак Ён Гиль – бірнеше тілде шығатын Aju Kyungjae іскерлік басылымын жарыққа шығаратын Оңтүстік Кореядағы ірі медиахолдингтердің бірі – Aju News Corporation компаниясын басқарады. Сонымен қатар ол Қазақстан-Корея достық қауымдастығының төрағасы ретінде екі ел арасындағы гуманитарлық және іскерлік байланыстардың дамуына көп жылдан бері үлес қосып келеді. Өз үндеуінде ол Құрылтай сайлауы қарсаңында Қазақстан халқына жылы лебізін жолдады.
«23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауы қарсаңында Қазақстан халқына жүрекжарды сәлемімді жолдау – мен үшін үлкен мәртебе», – деді Квак Ён Гиль.
Оның айтуынша, тарих көрсеткендей, қуатты мемлекеттер тек мықты көшбасшылардың арқасында ғана емес, сонымен бірге халықтың еркі мен қадір-қасиетін бейнелейтін институттардың негізінде қалыптасады. Ол демократияны жай ғана дауыс беру рәсімі емес, әрбір азаматтың үні естіліп, заң үстемдігі сақталып, мемлекеттік институттардың қоғам сеніміне ие болуы жолындағы үздіксіз жұмыс деп бағалады.
«Тарих бізге ұлы мемлекеттердің тек күшті көшбасшылардың арқасында ғана емес, өз халқының даналығын, арман-мұратын және қадір-қасиетін лайықты бейнелейтін институттардың негізінде қалыптасатынын еске салады. Демократия – жай ғана дауыс беру емес. Бұл – әрбір азаматтың үні естілуіне, заң үстемдігінің сақталуына және мемлекеттік институттардың өздері қызмет ететін халықтың сеніміне әрдайым лайық болуына деген мызғымас ұстаным», – деп атап өтті ол.
Квак Ён Гиль Қазақстанның жаңа конституциялық жүйесі аясында өтетін алғашқы Құрылтай сайлауы елдің тарихи дәстүрлері мен өкілді демократияның жалпыға ортақ қағидаттарын ұштастыратын маңызды кезең екенін атап өтті.
«Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанның жаңа конституциялық жүйесі аясында өтетін алғашқы Құрылтай сайлауы – тарихи маңызы зор кезең. Бұл – елдің бай тарихи дәстүрлерін өкілді демократияның жалпыға ортақ қағидаттарымен ұштастырып, саяси, экономикалық және әлеуметтік дамудың жаңа парағын ашуға берілген мүмкіндік», – деді ол.
Демократиялық институттарды қалыптастырудың ұзақ жолынан өткен Оңтүстік Кореяның тәжірибесіне сүйенген Квак Ён Гиль мемлекеттің орнықты дамуы еркіндік жауапкершілікпен ұштасқанда, ал пікір алуандығы диалог арқылы жүзеге асқанда ғана мүмкін болатынын айтты.
«Оңтүстік Корея да демократия мен өркендеуге бастар ұзақ жолдан өтті. Біз түйген басты сабақтардың бірі – мемлекеттің орнықты дамуы еркіндік жауапкершілікпен ұштасқанда, пікір алуандығы диалог арқылы жүзеге асқанда және мемлекеттік институттар халық алдында есепті болғанда ғана қамтамасыз етіледі», – деді ол.
Квак Ён Гиль Оңтүстік Корея мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастыққа да ерекше тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде екі елдің серіктестігі сауда мен инвестициядан әлдеқайда ауқымды болып, жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, энергетика, озық өндіріс, білім беру және мәдени алмасу салаларын қамтып отыр.
«Бүгінде Корея мен Қазақстан сауда және инвестиция саласында ғана емес, жасанды интеллект, цифрлық инновациялар, энергетика, озық өндіріс, білім беру және мәдени алмасу бағыттарында да ынтымақтастықты белсенді түрде дамытып келеді. Ынтымақтастығымыз тереңдеген сайын, өзара құрметке, ашықтық пен сенімге деген ортақ ұстанымымыздың арқасында бұл байланыс одан әрі нығая түсетініне сенімдімін», – деп атап өтті ол.
Осылайша, Оңтүстік Кореядағы жетекші медиатоптардың бірінің басшысы жасаған үндеу алдағы Құрылтай сайлауына деген қызығушылықтың Қазақстанмен ғана шектелмейтінін көрсетеді. Бұл саяси науқан елмен көпжылдық экономикалық, мәдени және гуманитарлық байланыс орнатқан серіктес мемлекеттердің де назарын аударып отыр.