Франциядағы орман өрті: 220 мың адам эвакуацияланды

Автор: Дәулет Ботагөз

Тілсіз жау Бордо қаласына тікелей қауіп төндіріп тұр

Фото: Reuters

Францияның оңтүстік-батысында шыққан жойқын орман өртіне байланысты қауіпті аймақтан 220 мыңнан астам адам эвакуацияланды. Тілсіз жау Бордо қаласына тікелей қауіп төндіріп тұр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қауіпсіз жерге көшіру жұмыстары Бордо маңындағы елді мекендерде жүріп жатыр. Өрттің салдарынан Бордоны Испания шекарасымен байланыстыратын А63 басты автомагистралінің 60 шақырымы жабылды.

Тілсіз жауды ауыздықтауға сенбі кешінен бастап 1,5 мың әскери қызметші қосылды.

Мәлімет бойынша, жалын 42 мың гектардан астам жерді шарпыған. Бұл Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Франция тарихындағы ең ірі апаттардың бірі болып отыр (салыстырмалы түрде, 1949 жылғы өртте 50 мың гектар алқап жанып кеткен еді).

Франция Ішкі істер министрі Лоран Нуньес өртті бақылауға алу әлі де оңайға соқпайтынын хабарлады.

«Эвакуацияланған жергілікті тұрғындар мен туристер жалын толық оқшауланғанша үйлеріне орала алмайды», – деді министр La Tribune басылымына берген сұхбатында.

Сонымен қатар, Испанияда да (Мадрид маңында) ауқымды өрттер өршіп, 80 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілді.