Құтқарушылар жоғалғандарды іздеу жұмыстарын жалғастырып жатыр, оқиғаның мән-жайы анықталуда
Мьянма жағалауында екі кеменің із-түзсіз жоғалуынан кейін 500-ден астам адам хабар-ошарсыз кеткендер қатарында саналып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy БҰҰ-ға сілтеме жасап.
Алдын ала мәлімет бойынша, екі кеме де маусым айының соңында Ракхайн штатынан шыққан. Олардың бортында негізінен рохинджа халқының өкілдері мен Бангладештен келген босқындар болған.
Шамамен 250 адам отырған алғашқы кемемен теңізге шыққаннан кейін көп ұзамай байланыс үзілген. Ал шамамен 280 жолаушысы болған екінші кеме Айеявади өңірінің жағалауында суға кеткен болуы мүмкін.
Кемелердің апатқа ұшырағаны туралы ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ. Алайда бұл мәліметтер расталса, соңғы жылдары өңірде болған ең ірі қайғылы оқиғалардың біріне айналып, жыл басынан бері Андаман теңізі мен Бенгал шығанағында қаза тапқандар мен із-түзсіз жоғалғандар санын айтарлықтай арттыруы мүмкін.
Халықаралық көші-қон ұйымы (ХКҰ) мен БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі жоғары комиссары басқармасы (БҰҰ БЖКБ) ұлттық билік органдарымен бірлесіп босқындарды, мигранттарды және азаматтығы жоқ адамдарды қорғау жұмыстарын, сондай-ақ Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азиядағы негізгі көші-қон бағыттарымен жүретін адамдар үшін ұзақ мерзімді шешімдерді әзірлеуді жалғастырып жатыр.