Жанып кеткен көліктерден мәйіттер табылған: Испанияда орман өртінен 12 адам қаза тапты

Оңтүстік Еуропада бірнеше апта бойы ауа температурасы 40°C-тан түспей тұр

Жанып кеткен көліктерден мәйіттер табылған: Испанияда орман өртінен 12 адам қаза тапты
Фото: istockphoto.com

Испанияның оңтүстік-шығысындағы Лос-Гальярдос елді мекенінде тұтанған жойқын орман өрті кем дегенде 12 адамның өмірін қиды. Тағы алты адам түрлі деңгейдегі жарақаттармен ауруханаға жеткізілген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ВВС хабарлауынша, қаза тапқандардың кейбірі жанып кеткен автокөліктердің ішінен табылған. Куәгерлердің сөзіне сүйенсек, апатқа жоғары вольтты электр желісінің үзілуі себеп болған. Өрт лезде маңайдағы қалың орманға жайылған. Ресми органдар өрттің шығу себебін әлі нақты растаған жоқ.

«Жүрегіміз қан жылап тұр, қайғыдан есеңгіреп қалдық», - деп жазды аймақ басшысы Хуанма Морено X желісіндегі парақшасында.

Қазіргі уақытта Бедар ауылындағы өртті ауыздықтауға 150-ге жуық өрт сөндіруші жұмылдырылған. Зардап шеккендердің арасында иісті газға уланғандар мен денесін күйік шалғандар бар. Төтенше жағдайлар қызметінің хабарлауынша, апат аймағындағы жолдар жабылып, 1000-ға жуық тұрғын қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Өртті сөндіруге Испанияның Төтенше жағдайлар жөніндегі әскери бөлімі де қосылды.

Айта кетейік, Оңтүстік Еуропада бірнеше апта бойы сынап бағанасы 40°C-тан түспей тұр. Қазіргі уақытта Франция, Португалия және Испания елдерінде жүздеген өрт сөндіруші тілсіз жаумен арпалысып жатыр, мыңдаған адам үйлерін тастап қашуға мәжбүр болған.

Испания премьер-министрі Педро Санчес ел тарихындағы ең ауқымды өртке қарсы іс-қимыл науқаны басталғанын мәлімдеді. Маусым айында бұл елде 1950 жылдан бергі ең жоғары орташа тәуліктік температура тіркелген болатын, ал кейбір аймақтарда ыстық 42°C-қа дейін жетті. Еуропалық орман өрттері туралы ақпараттық жүйенің мәліметінше, өткен жылы Испанияда рекордтық 393 000 гектар орман өртенген. Бұл 2006-2024 жылдардағы орташа көрсеткіштен алты есе көп.

Copernicus климаттық қызметі Еуропаның әлемдік орташа деңгейден екі есе жылдам жылынып жатқанын мәлімдеді. Өткен жылы Еуропа Одағы аумағында 1 миллион гектардан астам жер күлге айналды, бұл – статистика жүргізіле бастаған 2006 жылдан бергі ең қорқынышты көрсеткіш.

Лондондағы Империал колледжі жанындағы World Weather Attribution тобы жүргізген зерттеу Жерорта теңізі аймағындағы өрт қаупінің күрт артуын жаһандық климаттың өзгеруімен тікелей байланыстырып отыр.

Мақалада
#әлем #орман өрті