ДДCҰ дабыл қақты: Еуропадағы аптап ыстық енді қалыпты құбылысқа айналады

Автор: Алмас Ерсін

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы климаттың өзгеруіне байланысты Еуропада экстремалды ыстық жиілейтінін ескертті

Фото: © istockphoto.com

Маусым айында Еуропаны шарпыған рекордтық аптап жаңа климаттық шындықтың қалыптасқанын көрсетеді. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.   

Ұйымның мәліметінше, экстремалды ыстық енді сирек кездесетін құбылыс емес, қайталанып отыратын климаттық дағдарысқа айналып келеді.

ДДСҰ-ның Еуропалық өңірлік бюросының директоры Ханс Анри Клюгенің айтуынша, Еуропадағы ауа температурасы әлемдік орташа көрсеткішпен салыстырғанда екі еседен астам жылдам көтеріліп жатыр. Соның салдарынан аптап ыстық жиілеп, ұзаққа созылып, күшейе түскен.

Францияда 24 маусымнан бері аптап ыстыққа байланысты мыңнан астам артық өлім тіркелген. Қайтыс болғандардың басым бөлігі – 65 жастан асқан адамдар.

Ал Испанияда алдын ала есеп бойынша маусымдағы аптап салдарынан қосымша 892 адам көз жұмған.

Сонымен қатар ДДСҰ бейімделу шараларының адам өмірін сақтап қалуға көмектесіп жатқанын атап өтті. Ұйымның бағалауынша, егер Еуропада ерте ескерту жүйелері, төтенше жағдайларға әрекет ету жоспарлары және осал топтарды қорғау тетіктері болмағанда, 2023 жылы аптап ыстықтан болатын өлім-жітім шамамен 80%-ға жоғары болар еді.

Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның мәліметінше, 30 маусымға қарай аптап ыстық Батыс, Орталық және Оңтүстік Еуропаның басым бөлігін, сондай-ақ Балқан түбегін қамтиды.