Алты аптадан астам уақытқа созылған наразылықтар мен жол блокадалары елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалды күрделендіріп жіберді
Боливия президенті Родриго Пас үкіметке қарсы жаппай наразылықтардың екі айға жуық уақыт бойы жалғасуына байланысты елде төтенше жағдай режимін енгізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy DW басылымына сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының айтуынша, бұл шешім қоғамдық тәртіпті қалпына келтіруге және наразылық білдірушілер жауып тастаған негізгі көлік жолдарын ашуға бағытталған. Жаңа режим билік өкілеттігін кеңейтіп, жолдарды тазарту және еркін қатынасты қамтамасыз ету үшін әскери күштерді тартуға мүмкіндік береді.
Елдегі ең ірі кәсіподақ ұйымы – Боливия жұмысшылар орталығымен бұған дейін келісімге қол жеткізілгеніне қарамастан, наразылық акциялары толық тоқтаған жоқ. Наразылардың бір бөлігі шерулерін жалғастырып жатыр, ал негізгі көлік бағыттары әлі де жабық күйінде қалып отыр.
Боливиядағы саяси дағдарыс мамыр айында шамамен жиырма жыл бойы қолданылып келген жанармайға берілетін мемлекеттік субсидиялардың тоқтатылуынан кейін басталды. Бұл шешім бензин бағасының күрт өсуіне әкеліп, ел бойынша наразылық толқынын туғызды.
Наразылық акциялары барысында ірі қалаларды байланыстыратын жолдар жабылып, бірқатар өңірге азық-түлік, жанармай және дәрі-дәрмек жеткізу қиындады.