21.06.2026, 08:29
Әлем

Ливандағы бітім бұзылды: Израильдің соққыларынан 28 адам қаза тапты

Израиль әскері шабуылдарды жалғастырып жатқанда, Ливанда адам шығыны артып келеді

Ливандағы бітім бұзылды: Израильдің соққыларынан 28 адам қаза тапты
Фото: © istockphoto.com

Ливанның оңтүстігіндегі Эн-Набатия провинциясы мен оған іргелес аудандарға Израиль әскері АҚШ пен Иран арасында қол жеткізілген келісім мен бітімге қарамастан шабуыл жасап жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Anadolu агенттігіне сілтеме жасап.

Ливандық бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, түннен бері Израиль авиациясы елдің шығысындағы Бекаа ауданына, сондай-ақ Эн-Набатия провинциясындағы Бариш, Шеххур, Жоғарғы Набатия, Нумейрия, Шаукин, Хаббуш, Кеферджуз, Арабсалим, Зибдин, Саджид, Махмудия және Дейр-эз-Захрани елді мекендеріне соққы жасаған.

Соңғы мәліметтер бойынша, 28 адам зардап шеккен.

Өз кезегінде Израиль тарапы америкалық-ирандық келісімдер мен атысты тоқтату режиміне қарамастан Ливанның оңтүстігіне соққы жасағаны үшін «Хезболла» қозғалысын айыптады.

Израиль армиясының мәлімдеуінше, «Хезболла» мүшелері түні бойы Ливанның оңтүстігіндегі Израиль күштерінің позицияларына 50 зымыран мен ұшқышсыз ұшу аппаратын қолданып, атысты тоқтату режимін бұзған. Ал Ливан аумағына жасалған соққылар осы әрекеттерге жауап ретінде жүзеге асырылған.

Мәлімдемеде түнгі шабуылдардың нысанасына ондаған зымыран қондырғысы, әскери қоймалар, командалық орталық және «Хезболла» мүшелеріне қатысы бар нысандар ілінгені айтылған.