Тұрғындардың ұлттық құраманың әлем чемпионатындағы ойынын тамашалауына мүмкіндік беру үшін жұмыс күнінің басталу уақыты кейінге шегерілді
18 маусым күні Өзбекстандағы барлық мемлекеттік органдардың қызметкерлері жұмысын сағат 10:00-де бастай алады. Мұндай тапсырманы ел президенті Шавкат Мирзиёев ұлттық құраманың футболдан әлем чемпионатындағы тарихи алғашқы ойынына байланысты берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Президенттің баспасөз хатшысы Шерзод Асадовтың айтуынша, Өзбекстан мен Колумбия құрамалары арасындағы матч Мехикода өтеді және Ташкент уақытымен сағат 07:00-де басталады. Жұмыс күнінің басталу уақытын кейінге шегеру туралы шешім азаматтардың ұлттық құрамаға қолдау көрсетуіне мүмкіндік беру үшін қабылданған.
Асадовтың сөзінше, жекеменшік компаниялар бұл күні жұмыс кестесін өздері белгілейді.
«Қадірлі президентіміз бүкіл 40 миллион халқы бар Өзбекстанмен бірге бұл матчты үлкен үмітпен күтіп отыр. Шетелдік қонақтармен өтетін кездесулердің басым бөлігінде олар ұлттық құрамамызға сәттілік тілейді», – деді баспасөз хатшысы.
Сондай-ақ ол мемлекет басшысы ойынды немерелерімен бірге отбасы ортасында тамашалайтынын айтты.
Колумбияға қарсы матч Өзбекстан құрамасының әлем чемпионатындағы алғашқы ойыны болмақ. Бұл оқиға қазірдің өзінде ел футболы тарихындағы маңызды кезең ретінде бағаланып отыр.