Мамыр айында емтихан жауаптары жойылған
Үндістан билігі медициналық жоғары оқу орындарына түсуге арналған ұлттық NEET-UG емтиханы алдында ел аумағында Telegram мессенджерін уақытша бұғаттау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ВВС жазғандай, мұндай шара емтихан кезінде жаппай көшіру мен айла-шарғылардың алдын алу мақсатында жасалып отыр. Бұғаттау туралы бұйрық 22 маусымға дейін жарамды болады. Мессенджер әкімшілігінен 30 маусымға дейін ел аумағында хабарламаларды өңдеу функциясын өшіру талап етілді. Биліктің мәлімдеуінше, бұл функция емтихан сұрақтарының таралуына қатысты жалған дәлелдер жасау үшін пайдаланылған. Киберқылмыспен күрес орталығы алаяқтықпен айналысқан және абитуриенттерден жалған емтихан сұрақтары үшін ірі көлемде ақша талап еткен ондаған Telegram-каналдар мен боттарды жауып тастады.
Елдегі құқық қорғаушылар мен интернет-пайдаланушылар биліктің шешімін сынап жатыр. Үндістанның Сандық құқықтарды қорғау қорының мәлімдеуінше, бұғаттау – жүйелі мәселені шешпейтін «тиімсіз әдіс». Кеірісінше емтиханға дайындық кезінде Telegram-ды оқу құралы ретінде пайдаланатын мыңдаған адал студенттерге кедергі келтіреді, ал тапсырмалардың тарап кетуі білім жүйесінің ішкі кемшіліктерінен болып отыр.
Айта кетейік, 21 маусымда миллиондаған абитуриент NEET-UG емтиханын қайта тапсырады. Биыл мамыр айында өткен алғашқы емтиханның нәтижелері тапсырмалардың желіге тарап кетуіне байланысты жойылған болатын. Қазіргі уақытта Орталық тергеу бюросы қылмыстық істі тергеп жатыр, ондаған адам тұтқындалды.