Конгода Эбола өршіп барады: бір айда 782 адамнан вирус анықталды

Автор: Асқарова Қарлығаш

Ал бір тәулік ішінде індетті 72 адам жұқтырған

Фото: istockphoto.com

Конго Демократиялық Республикасында Эбола безгегін жұқтырғандар саны күрт өсіп, расталған жағдайлар 782-ге жетті. Соңғы бір тәуліктің өзінде 72 жаңа науқас тіркелген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Reuters агенттігіне сілтеме жасап.

Конго үкіметінің мәліметінше, расталған жағдайлардың 181-і өліммен аяқталған. Әзірге індет елдің шығысындағы Итури, Солтүстік Киву және Оңтүстік Киву провинцияларында тіркеліп отыр. Алайда вирус алғаш рет Итуридегі Ниа-Ниа және Солтүстік Кивудағы Мабалако денсаулық сақтау аймақтарынан анықталған.

Қазіргі таңда Итуридегі 36 медициналық аймақтың 20-сында, Солтүстік Кивудағы 34 аймақтың 10-ында және Оңтүстік Кивудың бір медициналық аймағында Эбола деректері расталған.

Сонымен қатар Кпангба босқындар лагеріндегі медицина қызметкерлері вирус жұқтыру тізбегін анықтай алмай отыр. Низи денсаулық сақтау аймағының бас дәрігері Жан-Клод Лонзаманың айтуынша, жергілікті тұрғындар екі әйелдің Эболадан қайтыс болғанын жоққа шығарып, провинциялық денсаулық сақтау басқармасы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы және гуманитарлық ұйымдардың өкілдерін лагерьден кетуге мәжбүрлеген.

«Бүгінге дейін науқастармен байланыста болған адамдарды анықтай алмай отырмыз», – деді Лонзама Reuters агенттігіне.

Денсаулық сақтау органдары шамамен 30 мың адам тұратын лагерьде індеттің таралуын бақылауда ұстауға тырысқанымен, нақты эпидемиологиялық жағдайды бағалау қиындап кеткен. Көптеген тұрғын этносаралық қақтығыстардан қашып келген босқындар болғандықтан, вирус жаппай таралуы мүмкін деген қауіп бар.

Эпидемия жарияланғаннан бері бірнеше медициналық мекеме жергілікті тұрғындардың шабуылына ұшыраған. Кейбір тұрғындар Эболаның бар екеніне күмән келтірсе, енді бірі індеттің таралуына жол бермеу үшін енгізілген жерлеу шектеулеріне наразылық танытқан.

Гуманитарлық ұйымдар вирус босқындар лагерлерінде тез таралуы мүмкін деп алаңдайды. Өйткені мұндай орындарда жүздеген адам бір дәретхананы ортақ пайдаланады.

Қазір Итури, Солтүстік Киву және Оңтүстік Киву провинцияларында 5 миллионнан астам адам қоныс аударғандар санатына жатады. Бұл өңірлер ондаған жылдарға созылған қарулы қақтығыстардан қатты зардап шеккен.