Мигранттарды қуып, үйлерін өртеп жатыр: Солтүстік Ирландиядағы тәртіпсіздіктер әлемді шулатты

Оқиаға босқын адамның жергілікті тұрғынды пышақтағаны себеп болды

Мигранттарды қуып, үйлерін өртеп жатыр: Солтүстік Ирландиядағы тәртіпсіздіктер әлемді шулатты
Фото: Pacemaker

Солтүстік Ирландияның астанасы Белфаст қаласында босқын ер адамның жергілікті тұрғынды пышақтап тастағаннан кейін, халық көтеріліп, қақтығыс жалғасты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy шетелдік басылымдарға сілтеме жасап. 

Тәртіпсіздіктің екінші күнінде 12 полиция қызметкері жараланды. Ұлыбританияның Солтүстік Ирландия істері жөніндегі мемлекеттік хатшысы Хилари Беннің айтуынша, 16 адам тұтқынға алынған. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары «шамадан тыс жүктемемен» жұмыс істеп жатыр. Оқиға орындарында 6300 полицей жүр.

Сейсенбі күні тәртіпсіздіктердің ауқымы үлкейіп, адамдар үйлерін тастап қашуға мәжбүр болған, салдарынан 27 адамның баспанасыз қалғаны айтылды. Бейнекамераларға қара киінген, бетперде таққан ондаған адамның жақын маңдағы үйлердің кіреберістері мен қоршауларын қиратқаны түсіп қалған. Олар темір сынықтарын полицияға қарсы қолданған. Бұзақылар үйлерді аралап, шетелдік азаматтарды алдап, шығарып алуға тырысқан.

Еске салайық, өткен дүйсенбіде Белфаст қаласының солтүстігінде Судан азаматы, 30 жастағы босқын Хади Алодид жергілікті тұрғын Стивен Огилвиді пышақтаған. Тұрғындар полиция келгенше қылмыскерді тоқтатуға әрекет жасайды. Интернетте тараған видеода ер адам жәбірленушінің үстіне шығып алып, пышақпен тілгілеп, қорқытып отырғаны көрінеді. Стивен Огилви ауыр жарақаттармен ауруханаға түскен. Ол бір көзінен айырылды.  

Хади Алодид 2023 жылы Ұлыбританияға заңсыз келіп, босқын мәртебесін алған. Қазір ол тұтқындалып, үстінен «адам өлтіруге оқталу» бабы бойынша іс қозғалды. Тергеушілер бұл оқиғаның терроризммен байланысы жоқ деп есептейді.

Шабуыл туралы видео әлеуметтік желілерде тез тарап, тұрғындардың ашу-ызасын тудырған. Сейсенбі және сәрсенбі күндері қалада жаппай тәртіпсіздіктер басталды.

Жиналған топтар көліктерді, автобустарды және үйлерді өртеп жіберген. Полиция демонстранттарды тарату үшін су атқылауға мәжбүр болған. Наразылық нәсілдік сипатқа ұласып кеткен. Бетперде таққан ер адамдар үйлерді аралап, мигранттар мен қара нәсілді адамдарды қуып, мүліктерін өртеген. Стивен Огилвидің туыстары болған оқиғаны өшпенділік тудыру үшін пайдаланбауды сұрады. Олар елдегі мигранттардың еңбегін жоғары бағалайтындарын жеткізді.

Ұлыбританияның премьер-министрі Кир Стармер мен Солтүстік Ирландия басшылары тәртіпсіздіктерді «бандитизм» деп айыптады. Олар бір адамның қылмысы үшін кінәсіз өзге мигранттардан өш алуды заңсыз деп мәлімдеді.