АҚШ пен Иран екінші күн қатарынан бір-бірін соққының астына алып жатыр

Сәуірде екі ел бітімге келгендей болған еді

АҚШ пен Иран екінші күн қатарынан бір-бірін соққының астына алып жатыр
Фото: Kawant Haju/AFP

АҚШ қолбасшылығы Иранның оңтүстігіндегі әскери, барлау және радиолокациялық нысандарға соққы жасады. Пентагон мұны «өзін-өзі қорғау» мақсатындағы шара деп атады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ВВС жазғандай, бұған дейін АҚШ Президенті Дональд Трамп Иран билігін «келісім жасасуды тым ұзаққа созды» деп айыптап, Тегеранға «жойқын соққы» берілетінін мәлімдеген болатын.

Бұған жауап ретінде Иран Бахрейн мен Кувейттегі америкалық әскери нысандарды бірнеше рет бомбалады. Кувейт армиясы әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері «жау нысандарын» жойғанын хабарлап, әуе кеңістігін уақытша жапты. Бахрейн ІІМ Манама және Хамад қалаларында тұрғын үйлер мен көліктерге снаряд сынықтары түскенін растады.

Иран тарапы Иорданиядағы нысандарға 12 баллистикалық зымыран ұшырғанын мәлімдеді. Ирандық ақпарат құралдарынының хабарлауынша, Ормуз бұғазы толық жабылып, екі мұнай танкеріне соққы жасалған. Алайда АҚШ Орталық қолбасшылығы коммерциялық кемелер өтіп жатқанын хабарлады. Осы текетірес аясында Brent маркалы мұнайдың әлемдік бағасы 2%-ға өсіп, барреліне шамамен 95 долларға жетті.

Иран Президенті Масуд Пезешкиан елдің «кез келген қысым мен қауіп-қатерге қасқайып қарсы тұратынын» мәлімдеді. Иран СІМ АҚШ-ты қайшылықты мәлімдемелері арқылы дипломатиялық процеске нұқсан келтірді деп айыптады.

Еске сала кетейік, сәуір айында АҚШ пен Иран екі апталық бітімге келген болатын, бірақ кейінгі келіссөздер нәтиже бермеді.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Таяу Шығыстағы дағдарыстың тереңдеп бара жатқанын ескертіп, тараптарды әскери қимылдарды тоқтатып, шұғыл түрде дипломатиялық шешім табуға шақырды.