Тыйым талаптарын бұзғандар әскери соттың қарауына жіберіледі
Ауғанстандағы билікте отырған «Талибан» радикалды исламшыл қозғалысының жетекшісі Хайбатулла Ахундзада ұйым мүшелері мен мемлекеттік қызметкерлерге смартфон пайдалануға тыйым салатын ауызша бұйрық берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy DW-ге сілтеме жасап.
Тыйымды бұзғандарға әскери сотта жауап беруге тура келеді. Ахундзаданың бұйрығын «Талибанның» Әділет министрлігі Ауғанстанның сегіз аймағындағы Жоғарғы соттың әскери бөлімшесіне қарайтын әскери соттардың басшыларына жеткізген.
«Бұл нұсқаулық туралы аталған аймақтардағы полиция басшылары мен барлау қызметтерінің жетекшілері де хабардар етілді», – делінген жарияланымда.
Материал авторларының мәліметінше, Ауғанстан билігі бақылауға алынатын әр адамның аты-жөні, қызметі, жұмыс орны, ұялы байланыс операторы мен телефон нөмірі көрсетілген тізімді алдын ала дайындап қойған.
Бұған дейін талибтер смартфон пайдалануға және тірі жандардың бейнесін жариялауға қатысты шектеулер енгізген болатын. Ал 2025 жылы Хайбатулла Ахундзада «Талибан» мүшелерін смартфонды аз пайдалануға шақырған.
Бірнеше күн бұрын «Талибан» үкіметіндегі Білім министрлігінің исламдық білім беру бөлімі де оқушыларға мектептер мен діни семинарияларға смартфон алып келуге тыйым салатын нұсқаулық шығарғанын Afghanistan International басылымы жазды.