09.06.2026, 22:21
Әлем

Қырғызстан Еуроодақтың авиациялық «қара тізімінен» шығарылды

Еуропалық комиссия Қырғызстанды авиациялық қауіпсіздік талаптарын жақсартқаны үшін Еуроодақтың «қара тізімінен» алып тастау туралы шешім қабылдады

Қырғызстан Еуроодақтың авиациялық «қара тізімінен» шығарылды
Фото: © istockphoto.com

Қырғызстан Еуроодақ елдеріне ұшуға тыйым салынған мемлекеттер тізімінен шығарылды. Бұл туралы Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың ресми сайтында жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мұндай шешім 2026 жылғы 19–21 мамыр аралығында өткен Еуроодақтың Ұшу қауіпсіздігі комитетінің (ASC) отырысының қорытындысы бойынша қабылданған. Енді ол Еуропалық комиссияның тиісті регламентімен ресми түрде бекітіледі деп күтілуде.

Қырғызстан әуе компанияларына Еуроодақ елдеріне рейс орындауға 2006 жылдан бері тыйым салынған болатын. Сол кезде республика авиациялық қауіпсіздік деңгейі жеткіліксіз елдер қатарына енгізілген еді. Бұған әуе паркінің ескіруі, азаматтық авиация саласындағы заңнаманың жетілмегендігі және білікті авиациялық инспекторлардың тапшылығы себеп болған.

Соңғы жылдары Қырғызстанда авиация саласын жаңғырту, ұшу қауіпсіздігіне мемлекеттік бақылауды күшейту және ұлттық жүйені ICAO халықаралық стандарттарына сәйкестендіру бағытында ауқымды жұмыс жүргізілді.

Президент әкімшілігінің мәліметінше, Еуропалық комиссия қол жеткізілген нәтижелерге оң баға берген. Атап айтқанда, техникалық консультациялардың қорытындылары, 2026 жылдың наурыз айында еуропалық сарапшылардың бағалау сапары және Брюссельде өткен тыңдаулардың нәтижелері ескерілген.

Бұған дейін, 2026 жылдың наурыз айында Қырғызстан екі Airbus A321neo ұшағын сатып алу туралы келісімге қол қойған болатын. Әуе кемелері осы жылдың соңына дейін жеткізіледі деп жоспарланып отыр.