Бүгін, 21:12
Әлем

Ғалымдар Күндегі ең қуатты жарылыстардың бірін тіркеді

Ғалымдар Күндегі қуатты жарылыстан кейін Жерге қарай плазма бұлттары бағытталғанын, алайда қазіргі жағдай қауіпті емес екенін айтты

Ғалымдар Күндегі ең қуатты жарылыстардың бірін тіркеді
Фото: istockphoto.com

3 маусым күні таңертең Күнде M9.3 санатындағы қуатты жарылыс тіркелді. Ресей Ғылым академиясының Ғарыштық зерттеулер институты жанындағы Күн астрономиясы зертханасының мәліметінше, жарылыс Астана уақытымен сағат 06:36-да болған. Бұл – сәуір айының соңынан бергі ең күшті жарылыс, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мамандардың айтуынша, Күн белсенділігі бір күн бұрын түстен кейін күрт күшейе бастаған. Бұған дейін жарылыстар графигі тұрақты болғанымен, қазір ғалымдар шамамен жеті сағат сайын қайталанатын энергия бөліністерін және олардың қуатының біртіндеп артып келе жатқанын тіркеп отыр.

Ғалымдардың болжамынша, келесі жарылыс түске қарай болуы мүмкін. Теориялық тұрғыдан ол ең жоғары Х-класс деңгейіне жетуі ықтимал. Алайда мұндай сценарийдің жүзеге асу мүмкіндігі әзірге небәрі 3 пайыз деп бағаланып отыр.

Сондай-ақ мамандар жарылыс Күн дискісінің орталық бөлігіне жақын жерде болғанына назар аударды. Бұл Күннен бөлінген плазма бұлттарының Жер бағытына қарай қозғалып жатқанын білдіреді. Соған қарамастан, ғалымдар қазіргі жағдайды қауіпті деп санамайды және бұл жарылысты салыстырмалы түрде қауіпсіз деп бағалап отыр.