Андхра-Прадеш штатында адамдар күн өтіп, көшеде есінен танып құлаған
Үндістанның Андхра-Прадеш штатында аптап ыстықтан 21 адам көз жұмды. Күн өтуінен болған өлім-жітімнің ең көбі Виджаявада қаласында тіркеліп, онда 10 адам қайтыс болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ETV Bharat телеарнасының мәліметінше, қаза тапқандар арасында бірнеше үйсіз адам бар. Құрбандардың бір бөлігінің кім екені әлі анықталмаған.
Кей жағдайларда адамдар көшеде есінен танып қалып, ауруханаға жеткізілген. Алайда дәрігерлер олардың өмірін сақтап қала алмаған. Мысалы, Ситарампурам ауданында ес-түссіз жатқан ер адамды жергілікті тұрғындар байқап, дәрігерлерге тапсырғанымен, оны аман алып қалу мүмкін болмаған. Осындай жағдайлар қала мен округтің әртүрлі аумағында тіркелген.
Күн өтуінен Элуру, Батыс Годавари, Каккинада және штаттың өзге де аудандарында адамдар қаза тапқан. Қайтыс болғандардың арасында егде жастағылар да, жастар да бар. Олардың ішінде келісімшартпен жұмыс істеген қызметкерлер мен еңбек мигранттары да кездеседі.
Кейбір жағдайда марқұмдардың денесі көшелерден, саябақтар маңынан, базарлар мен көлік тораптарының жанынан табылған.
Билік өкілдері қаза тапқандардың бір бөлігінің жеке басын анықтап, оқиғаның барлық мән-жайын тексеріп жатыр. Мәліметке қарағанда, көз жұмғандардың басым бөлігі аптап ыстық кезінде сыртта жүрген.