Трамп америкалық шабуылдарды «жай ғана жеңіл шапалақ» деп атады
АҚШ пен Иран Ормуз бұғазы маңында бір-біріне соққы жасады. Америка Құрама Штаттары мұны Иран шабуылдарына жауап деп атады. Ал Иран билігі бітімді бірінші болып америкалықтар бұзды деп айыптап отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Bild-ке сілтеме жасап.
«АҚШ қарулы күштері Иранның себепсіз шабуылдарының бетін қайтарды және өзін-өзі қорғау аясында жауап соққыларын жасады», – деп мәлімдеді АҚШ-тың Таяу Шығыстағы өңірлік қолбасшылығы (Centcom).
Иран әскері америкалық әскери кемелерге шабуыл жасағанын растады. Алайда олар АҚШ-ты ирандық мұнай танкеріне шабуыл жасады деп айыптады.
Америкалық нұсқаға сәйкес, 7 мамыр күні АҚШ әскери-теңіз күштерінің зымырандық эсминецтері Ормуз бұғазы арқылы Оман шығанағына қарай бағыт алған. Осы кезде Иран әскері оларға бірнеше зымыран ұшырып, дрондар мен шағын катерлерді пайдаланған.
АҚШ тарапы қауіптердің «бейтараптандырылғанын» және шабуылдарға қатысы бар Иранның әскери нысандарына соққы жасалғанын мәлімдеді. Олардың қатарында зымыран және дрон ұшыру қондырғылары, басқару орталықтары, барлау және бақылау бекеттері болған. АҚШ билігі шиеленісті ушықтырғысы келмейтінін, бірақ өз күштерін қорғайтынын атап өтті.
ABC телеарнасының журналисі Рэйчел Скотт Дональд Трамптың телефон арқылы сөйлескен кезде Иран нысандарына жасалған жауап соққыларын «жай ғана жеңіл шапалақ» деп атағанын мәлімдеді.
«Бұл бітімнің аяқталғанын білдіре ме?» деген сұраққа Дональд Трамп:
«Жоқ, жоқ, бітім әлі күшінде. Ол сақталып тұр», – деп жауап берген.
Өз кезегінде Иран әскері бітімді бірінші болып АҚШ бұзды деп мәлімдеді. Олардың нұсқасына сәйкес, америкалықтар Иранның жағалау суларынан Ормуз бұғазы бағытына бет алған мұнай танкеріне шабуыл жасаған. Бұл туралы мемлекеттік Press TV телеарнасы хабарлады.
Бұдан бөлек, АҚШ «өңірлік елдердің» қолдауымен жағалау маңындағы азаматтық аудандар мен Ормуз бұғазындағы Кешм аралына әуеден соққы жасаған.
Press TV мәліметінше, Иран қарулы күштері бұған дереу жауап беріп, бұғаздың шығыс бөлігіндегі америкалық әскери кемелерге шабуыл жасаған.