Фемицид: Румынияда әйелді өлтіргендер енді өмір бойына сотталады
Бұл өзгеріс «фемицид» ұғымымен заңға еніп отыр
Румынияда әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықпен күресті күшейтуге бағытталған жаңа заң қабылданып, «фемицид» ұғымы ресми түрде құқықтық айналымға енді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы ел президенті Никушор Дан мәлімдеді.
Жаңа құжатқа сәйкес, әйелді жынысына байланысты қасақана өлтіру – ауыр қылмыс ретінде қарастырылып, кінәлілерге өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына дейін жаза қарастырылған.
«Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық – ар-намысты таптайтын әрекеттердің бірі. Ұзақ уақыт бойы нәзік жандарға деген агрессия тиісті деңгейде еленбей келді. Соның салдарын қазір көріп жатырмыз», – деді Румыния басшысы.
Президенттің айтуынша, бұл заң ел үшін аса қажет қадам. Ол қатаң жаза енгізіп қана қоймай, фемицид пен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған нақты тетіктерді қамтиды.
Сонымен қатар жаңа заң Румыния мемлекетінің әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндетін нақты механизмге айналдырады. Құжат билік органдарына дер кезінде араласуға мүмкіндік беріп, әділет жүйесін тиімді әрі гуманды етуге бағытталған маңызды қадам ретінде бағалануда.