Жапонияда жойқын зілзала болуы мүмкін: билік 180 мыңнан астам адамды қауіпсіз жерге көшуге шақырды

Автор: Темірхан Айжан

Ғалымдар Нанкай ойпатындағы сейсмикалық белсенділіктің артуына алаңдап отыр

Фото: istockphoto.com

Жапония билігі елдің солтүстік аймағында болған қуатты дүмпуден кейін магнитудасы 8,0-ден асатын жойқын жер сілкінісі болуы мүмкін екенін ресми түрде ескертті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Japantoday жазғандай, дүйсенбі күні жергілікті уақытпен сағат 16:53-те Ивате префектурасының жағалауында магнитудасы 7,7 болатын жер сілкінісі тіркелді. Дүмпудің күшті болғаны сонша, эпицентрден жүздеген шақырым жерде орналасқан Токиодағы зәулім ғимараттардың өзі қатты теңселген.

Жер сілкінісінен 40 минут өткен соң Кудзи портына биіктігі 80 сантиметрлік цунами толқыны жетті. Осыдан кейін билік жағдайдың күрделенуіне байланысты арнайы мәлімдеме жасады. Апат аймағындағы 182 000-нан астам тұрғынға қауіпсіз жерге көшу ескертілді.

Жапония министрлер кабинетінің бас хатшысы Минору Кихараның айтуынша, қазіргі сәтте қаза болғандар немесе ауыр жарақат алғандар туралы ақпарат түскен жоқ. Мамандар алдағы 2-3 күн ішінде бұдан да қуатты соққылар қайталануы мүмкін екенін ескертуде. Ғалымдар Нанкай ойпатындағы сейсмикалық белсенділіктің артуына алаңдап отыр, сондықтан бұл жолғы ескерту маңызды. Бұл аймақтағы ірі тектоникалық қозғалыс бұған дейін болмаған жойқын апатқа әкелуі мүмкін. Болжам бойынша, мұндай жағдайда құрбандар саны 300 мыңға дейін жетуі ықтимал.

Жапония премьер-министрі Санаэ Такаичи халықты сақ болуға және эвакуациялық нұсқаулықтарды қатаң сақтауға шақырды. Қазіргі таңда үкімет жанынан арнайы дағдарысты басқару тобы жұмыс істеп жатыр.

Айта кетейік, Жапония - әлемдегі ең сейсмикалық қауіпті аймақтардың бірі. Жер шарындағы барлық ірі жер сілкіністерінің 18 пайызы осы елге тиесілі. Ел халқы әлі де 2011 жылғы 18,5 мың адамның өмірін қиған Фукусима қасіретін ұмыта қойған жоқ.