Иранмен қақтығыс салдарынан әлемдік нарық 50 миллиард доллардан айырылды: жазда жанар-жағармай қымбаттай ма
Катардағы газ кешендері мен мұнай өңдеу зауыттарын толық жөндеу үшін бірнеше жыл қажет болуы мүмкін
Иранмен 50 күнге созылған қақтығыстан әлемдік энергетика саласына орасан зор шығын келтірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Reuters агенттігі мен сарапшылардың есебінше, мұнай өндірісінің тоқтап қалуынан әлемдік нарық 50 миллиард доллардан астам табысынан айырылған.
Дағдарыс басталғалы бері нарыққа 500 миллион баррель мұнай жетпей қалды. Бұл бүкіл әлемдегі ұшақ рейстерін 10 аптаға тоқтатумен немесе жер бетіндегі бүкіл көлік қозғалысын 11 күнге тоқтатумен пара-пар. Мұнай бағасының орта есеппен барреліне 100 доллар деңгейінде сақталуы шығын көлемін еселеп отыр. Жоғалған 50 миллиард доллар - Германия сияқты ірі мемлекеттің жылдық табысының 1%-ы немесе Эстония мен Латвия секілді елдердің бүкіл ішкі жалпы өніміне тең келетін сома.
Сарапшылардың сөзінше, Иран тарапы Ормуз бұғазының қайта ашылғанын мәлімдегенімен, мұнай өндірісін бұрынғы деңгейге қайтару оңай болмайды. Катардағы газ кешендері мен мұнай өңдеу зауыттарына келген зиянды толық жөндеу үшін бірнеше жыл қажет болуы мүмкін. Ал Кувейт пен Ирактағы ауыр мұнай өндіретін орындардың қалыпты жұмыс істеп кетуіне кем дегенде 4-5 ай керек.
Әлемдік мұнай қорының азаюы алдағы жаз мезгілінде жанар-жағармай бағасына әсер етіп, тапшылық тудыруы ықтимал. Ормуз бұғазы арқылы тасымалданатын жүк пен отын ағынының тұрақталуына әлі де біраз уақыт қажет.