АҚШ-тың Луизиана штатында қаскөй 8 баланы атып өлтірген - оның жетеуі өз баласы болған

Автор: Асқарова Қарлығаш

Бұл оқиға елді дүр сілкіндірді

Фото: istockphoto.com;

АҚШ-тың Луизиана штатында болған атыс салдарынан сегіз бала қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. Ресми мәліметтерге сәйкес, олардың жетеуі күдіктінің өз балалары болған. Тағы бір бала оқиға кезінде сол маңда болғаны айтылады.

Америкалық The New York Post басылымының жазуынша, оқиғаға 31 жастағы, АҚШ армиясының бұрынғы әскери қызметкері Шамар Элкинс күдікті ретінде аталып отыр. Оның әскери қызметтен қашан және қандай жағдайда кеткені әзірге нақтыланған жоқ

19 сәуір күні таңертең Луизиана штатының Шривпорт қаласында бірнеше жерде атыс болған. Полиция дерегінше, күдікті қысқа уақыт ішінде үш түрлі нүктеде оқ атқан. Алдын ала мәлімет бойынша, барлығы онға жуық оқ атылған.

Оқиғадан кейін күдікті оқиға орнынан қашып кетуге әрекет жасаған. Құқық қорғау органдары жүргізген жедел іздестіру шаралары барысында ол көп ұзамай анықталып, қудалау кезінде атып өлтірілген.

Қазіргі уақытта тергеу органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Атап айтқанда, күдіктінің әрекетіне не түрткі болғаны, оның психологиялық жағдайы, сондай-ақ оқиғаға дейінгі жағдайлар тексерілуде. Құқық қорғаушылар куәгерлерден жауап алып, оқиға орнындағы айғақтарды жинап жатыр. Қалада қауіпсіздік шаралары күшейген.