Ыстанбұлда Израиль консулдығы маңында атыс болды, қаза тапқандар бар

Автор: Алмас Ерсін

Шабуыл салдарынан полиция қызметкерлері де зардап шекті

Фото: ВВС

Ыстанбұлдың Бешикташ ауданында Израильдің бас консулдығы ғимаратының маңында атыс болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy BBC-ге сілтеме жасап.

Түркия билігінің мәліметінше, бір қарулы адам оқиға орнында көз жұмған, тағы екеуі залалсыздандырылған. Екі полиция қызметкері жарақат алды.

Түркияның ішкі істер министрі күдіктілердің бірінің дінді өз мақсатына пайдаланатын ұйыммен байланысы бар екенін мәлімдеді. Қазіргі уақытта оқиға орнына көп мөлшерде полиция күші жұмылдырылған, олардың арасында қаруланған азаматтық киімдегі қызметкерлер де бар. Сондай-ақ жедел жәрдем бригадалары кезекшілік етіп тұр.

Израильдің Сыртқы істер министрлігі атыс туралы ақпаратты тексеріп жатқанын мәлімдеді.

Консулдық Түркияның ең ірі қаласы – Ыстанбұлдың солтүстік бөлігінде орналасқан. Оқиға АҚШ пен Иран арасындағы, Израиль қатысқан соғысқа байланысты шиеленіс күшейген тұста болды.