Австралияның ең құрметті батыры Ауғанстанда тұтқындарды өлтіріп, қорлаған

Ол тұтқынды өлтіріп, оның протез аяғын «трофей» ретінде пайдаланған

Австралияның ең құрметті батыры Ауғанстанда тұтқындарды өлтіріп, қорлаған
Фото: AAP/ Flavio Brancaleone

Австралияның ең жоғары әскери марапатының иегері Бен Робертс-Смит Сидней әуежайында ұсталып, оған Ауғанстандағы соғыс кезінде жасалған әскери қылмыстар бойынша ресми айып тағылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі ВВС-ге сілтеме жасап.

Австралия федералды полициясының мәліметінше, 47 жастағы бұрынғы капрал 2009-2012 жылдар аралығында Ауғанстанда қызмет еткен кезінде бес бірдей қарусыз тұтқынды өлтірді деп айыпталып отыр.

Комиссар Крисси Барретт мәлімдегендей, күдікті құрбандарды өзі атып өлтірген немесе қарамағындағы сарбаздарға осындай бұйрық берген. Бұған дейін, 2023 жылы өткен азаматтық сот процесінде оның кем дегенде төрт кісі өліміне қатысы бар екені дәлелденген болатын. Атап айтқанда:

  • кісенделген фермерді құздан итеріп жібергені;
  • тұтқынға түскен содырды өлтіріп, оның протез аяғын «трофей» ретінде пайдаланғаны анықталған.

Арнайы тергеу басқармасының директоры Росс Барнетт бұл істің өте күрделі екенін атап өтті. Оқиға Австралиядан 9 мың шақырым жерде болғандықтан, тергеушілерде қылмыс орнына бару, мәйіттерді сараптау немесе баллистикалық деректерді жинау мүмкіндігі болмаған.

Айта кетсек, Бен Робертс-Смит Австралияның ең танымал әскери қызметкерлерінің бірі, Виктория кресінің иегері. Ол кезінде Талибан содырларына қарсы жалғыз өзі төтеп бергені үшін ұлттық батыр деңгейіне көтерілген еді.

Айта кетейік, 2020 жылы жарияланған «Бреретон баяндамасында» австралиялық элиталық сарбаздардың Ауғанстанда 39 адамды заңсыз өлтіргені туралы деректер келтірілген. Қазіргі таңда тағы 19 әскери қызметкерге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.