Артемида II миссиясы: адамзат баласы ғарышты игеру тарихында жаңа рекорд орнатты

Автор: Темірхан Айжан

Ғарыш кемесінің экипажы 10 сәуірде мұхитқа қонады 

Фото: NASA

Артемида II миссиясының экипажы Айды айналып өту кезінде Жерден ең алыс қашықтыққа ұзап, рекорд орнатты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі ВВС-ге сілтеме жасап.

NASA мәліметінше, «Орион» ғарыш кемесі Жерден 406 771 шақырым қашықтыққа жеткен. Бұл- адамзат баласының өз планетасынан ең алыс ұзаған нүктесі. Бұған дейінгі рекордты 1970 жылы «Аполлон-13» миссиясы кезінде орнатқан еді.

Артемида II ғарыш кемесі Айдың арғы бетіне өткен кезде байланыс жоспарлы түрде 40 минутқа үзілді. Байланыс қайта орнатылғаннан кейін экипаж мүшесі Кристина Кох Хьюстондағы басқару орталығына техникалық жағдайдың тұрақты екенін баяндады.

Сапар барысында астронавттар Рид Уайзман, Виктор Гловер, Кристина Кох және Джереми Хансен ғарыш кеңістігінен күннің тұтылуын және Венера планетасын бақылап, ғылыми деректер жинақтады. Жиналған мәліметтер алдағы Марс экспедицияларын жоспарлау үшін пайдаланылмақ.

Қазір «Орион» кемесі Жерге бағыт алды. Мамандардың болжамы бойынша, кеме 10 сәуір күні АҚШ-тың шығыс уақытымен сағат 20:07-де Тынық мұхитына қонады.

Астронавттар мұхит бетінен тікұшақтармен эвакуацияланып, АҚШ Әскери-теңіз күштерінің бортында алғашқы медициналық тексеруден өтеді.

Айта кетсек, Artemis II - NASA-ның Айды игеру бағдарламасы аясындағы алғашқы сынақ миссиясы. Оның мақсаты - келесі сапарда адамдарды Айдың үстіне түсіру үшін ғарыш кемесінің қаншалықты дайын екенін тексеру.