Сондай-ақ Ақ үй басшысы Таяу Шығыстағы жағдайды сөз етті
АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қарсы әскери операцияда Америка Құрама Штаттары толық табысқа жеткенін және енді НАТО-дағы одақтастардың қолдауына мұқтаж емес екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы АҚШ басшысы Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
«НАТО-дағы одақтастарымыздың көпшілігі бізді Таяу Шығыстағы Иранның террористік режиміне қарсы әскери операцияға қатысқысы келмейтіні жөнінде алдын ала хабардар етті. Соған қарамастан, іс жүзінде әрбір ел біздің әрекеттерімізді және Иран қандай жағдайда да ядролық қаруға ие болмауы тиіс деген ұстанымды нық қолдайды», – деп түсіндірді Трамп.
Сонымен қатар ол мұндай ұстанымға «таңғалмайтынын» айтты, өйткені НАТО-ны әрдайым «біржақты қозғалысы бар көше» деп санайтынын жеткізді. Оның сөзінше, АҚШ жыл сайын осы елдерді қорғауға жүздеген миллиард доллар жұмсайды, ал олар Вашингтон үшін ештеңе істемейді, әсіресе қажет кезде.
«Бақытымызға қарай, біз Иранның қарулы күштерін талқандадық: олардың әскери-теңіз флоты жойылды, әскери-әуе күштері жойылды, әуе қорғанысы мен радиолокациялық жүйелері жойылды. Ең маңыздысы – олардың барлық деңгейдегі басшылары іс жүзінде жойылып, енді бізге де, Таяу Шығыстағы одақтастарымызға да, әлемге де ешқашан қауіп төндіре алмайды», – дейді президент.
Осындай әскери табысқа қол жеткізгендіктен, АҚШ-қа НАТО елдерінің көмегі қажет емес және ешқашан да қажет болмаған, деп атап өтті Трамп. Бұл Жапонияға, Австралияға және Оңтүстік Кореяға да қатысты екенін қосты.
«Әлемдегі ең қуатты ел – АҚШ-тың президенті ретінде мәлімдеймін: бізге ешкімнің көмегі қажет емес!» – деп түйіндеді Ақ үй басшысы.