«Төбе шашымыз тік тұрды»: Аустралия Roblox ойын платформасына 49,5 млн доллар айыппұл салуы мүмкін
Roblox-тың қаупі туралы мәселе Қазақстанда да көтерілген еді
Аустралия үкіметі Roblox ойын платформасына тексеріс жүргізетін болды. Билікке азаматтардан Roblox-та балаларды жыныстық сипаттағы әрекеттерге итермелелейтін зиян контенттің таралуына байланысты көптеген шағым келіп түскен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Reuters-ке сілтеме жасап.
Аустралияның байланыс министрі Аника Уэллс АҚШ-та тіркелген технологиялық компанияға ресми хат жолдап, балаларға қатысты заңсыз әрекеттер мен зиянды материалдардың таралуы туралы ақпараттарға алаңдаушылық білдірді.
«Roblox платформасын арам ниетті ересектердің балаларды азғындау үшін пайдаланып отырғаны туралы хаттарды оқып, төбе шашымыз тік тұрды», - деді министр.
Бұл мәлімдеме Аустралия мен танымал ойын платформасы арасындағы қарым-қатынастың шиеленісе түскенін көрсетеді. 2025 жылы Roblox жас ерекшелігін растау жүйесін енгізіп, онлайн-чаттарды шектеу арқылы балаларды қорғау шараларын күшейткен болатын. Бұл қадамды Аустралияның интернеттегі қауіпсіздік жөніндегі комиссары қолдап, желтоқсанда күшіне енген әлеуметтік желілерге тыйым салу тізіміне Roblox-ты қоспауға кеңес берген.
Интернет қауіпсіздігі жөніндегі комиссар Джули Инман Грант платформаның жас шектеулеріне негізделген қауіпсіздік тетіктерін тексеретінін және балаларды интернетте қорғау туралы заң талаптары сақталмаған жағдайда 49,5 млн австралиялық долларға дейін айыппұл салынуы мүмкін екенін айтты.
Бұған дейін Аустралия 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желіні қолдануға тыйым салған еді. Еске салсақ, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Үнзила Шапақ Roblox онлайн-платформасының балаларға қаупі туралы айтып, депутаттық сауал жолдаған еді.
Ол Roblox сияқты ашық онлайн-платформаларда кәмелетке толмаған балаларға қатысты қылмыстық ниеті бар тұлғалардың, соның ішінде педофилдер мен алаяқтардың белсенді әрекет ететіні туралы деректер бар екенін атаған.