АҚШ-тың бұрынғы президенті педофилия үшін сотталған Джеффри Эпштейнмен байланысы үшін тергелмек

Автор: Темірхан Айжан

Клинтон мен Эпштейннің бірге түскен бірнеше суреті жария болған 

Фото: Melina Mara/The Washington Post/Getty Images

АҚШ-тың бұрынғы президенті Билл Клинтон мен оның жұбайы, бұрын мемлекеттік хатшы қызметін атқарған Хиллари Клинтон АҚШ Өкілдер палатасының Қадағалау комитетіне куәлік беруге келісімін берді. Комитет педофилия үшін сотталған қаржыгер Джеффри Эпштейннің ықпалды тұлғалармен байланысын тексеріп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі ВВС-ге сілтеме жасап. 

АҚШ Әділет министрлігі жариялаған Эпштейн ісіне қатысты миллиондаған құжатта Клинтонның есімі бірнеше рет аталады, сондай-ақ бұрынғы президенттің қаржыгермен бірге түскен фотосуреттері де бар.

Алайда Эпштейннің әрекеттерінен зардап шеккендер бұрынғы президентке немесе оның жұбайына ешқашан айып таққан емес. Ал Клинтондардың өздері Эпштейннің қылмыстары туралы ештеңе білмегендерін мәлімдеп отыр.

Айта кетейік, АҚШ Конгресі куәлік беруден немесе құжаттарды ұсынудан бас тартқан тұлғаларды ұстау құқығына ие. Сонымен қатар Конгресс Әділет министрлігіне Конгресті құрметтемеу фактісі бойынша қылмыстық қудалау туралы сұрау жолдай алады немесе соттан заң шығарушылар берген шақыру қағазын орындауды міндеттейтін шешім шығаруды талап ете алады.

АҚШ Конгресін құрметтемеу қылмыстық құқықбұзушылық болып саналады. Ол үшін 100 мың долларға дейін айыппұл салу немесе бір жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады.

Еске салсақ, америкалық қаржыгер және меценат Джеффри Эпштейн педофилия мен жасөспірім қыздарды жыныстық мақсатта пайдаланғаны үшін сотталған. 2019 жылы түрмеді өз өзіне қол жұмсап, қайтыс болған. Оның ісіне қатысты миллиондаған құжаттар жарияланып, онда Эпштейннің ықпалды адамдармен байланысы көрсетілген.