«Жер сілкінгендей болды»: Испанияда 300 адамдық пойыз апатқа ұшырады
21 адамның көз жұмғаны расталды
Испанияның оңтүстігінде екі пойыз соқтығысып, 21 адам қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ВВС жазғандай, апат Испанияның оңтүстігіндегі Андалусия аймағында, Адамуз қаласының маңында болған. Теміржол желісінің операторы Adif компаниясының хабарлауынша, Малагадан Мадридке бағыт алған Iryo компаниясының жолаушылар пойызы өз рельсінен шығып, қарсы бағыттағы пойызға соққан.
Испанияның көлік министрі Оскар Пуэнтенің мәліметінше, 30-дан астам адам ауыр жарақат алып, ауруханаларда жатыр. Андалусияның жедел жәрдем қызметінің дерегіне сәйкес, кемінде 73 адам зардап шеккен.
Жолаушылардың бірі апатты «соққының қатты болғаны соншалық, жер сілкінгендей болды» деп сипаттаған.
Iryo компаниясының мәліметінше, рельстен шыққан пойызда шамамен 300 жолаушы болған. Ал қарсы бағыттағы, Alvio компаниясына тиесілі екінші пойызда шамамен 100 жолаушы болуы мүмкін.
Еске салсақ, 2013 жылы Испанияда ең ауыр пойыз апаты болған. Елдің солтүстік-батысындағы Галисия аймағында болған қайғылы оқиғадан кейін 80 адам қаза тауып, 140 адам жарақат алған.