АҚШ-пен қарым-қатынас қалпына келеді, ядролық қару тоқтайды: Иранда қандай өзгеріс болуы мүмкін
Ең алдымен Иранның әскери ядролық бағдарламасы тоқтатылады
Иранның соңғы шахының үлкен ұлы Реза Пехлеви Ислам Республикасы құлағаннан кейін құрылуы мүмкін зайырлы мемлекеттің негізгі саяси бағытын жариялады. Тиісті үндеуін ол X әлеуметтік желісінде иран халқына арнады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, ең алдымен Иранның әскери ядролық бағдарламасы тоқтатылады. Сондай-ақ аймақтық және жаһандық серіктестермен бірлесе отырып терроризмге, ұйымдасқан қылмысқа, есірткі саудасына және радикалды исламизмге қарсы күрес жүргізіледі.
«АҚШ-пен қарым-қатынас қалыпқа келтіріледі, Америкамен және оның халқымен достық қайта орнатылады. Израиль мемлекеті дереу мойындалады. Біз «Авраам келісімдерін» кеңейтіп, оларды еркін Иранды, Израильді және араб әлемін біріктіретін «Кир келісімдеріне» айналдыруға тырысамыз», – деді Пехлеви.
Ол сондай-ақ демократиялық Иран экономикасын саудаға, инвестицияға және инновацияға ашып, жаһандық экономикаға белсенді түрде кірігуге ниетті екенін атап өтті.
«Ислам Республикасының құлауы және Иранда зайырлы, демократиялық үкіметтің құрылуы халқымның абыройын қалпына келтіріп қана қоймай, бүкіл аймақ пен әлемге пайда әкеледі», – деп түйіндеді Реза Пехлеви.