Швейцариядағы өрт: 40 адамның өмірін қиған бар иесі қамауға алынды
Оқиғадан жүзден астам адам зардап шеккен еді
Швейцарияда жаңа жыл түні болған жойқын өртке қатысты тергеу амалдары жаңа деңгейге шықты. Жүзден астам адам зардап шегіп, 40 адам қаза тапқан Constellation барының иесі қамауға алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy BBC-ге сілтеме жасап.
Күдікті неліктен тұтқындалды?
Вале кантонының прокуратурасы бар иесі Жак Мореттиді қамауға алу туралы шешім қабылдады. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, күдікті елден қашып кетуі мүмкін деген қауіп бар.
Сонымен қатар Жактың әйелі әрі бардың тең иесі Джессика Мореттиге қатысты да қылмыстық іс қозғалды. Ерлі-зайыптыларға келесі айыптар тағылып отыр: Көптеген адамның өліміне және жарақат алуына әкеп соққан салғырттық; Қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзу.
5 жыл бойы тексерілмеген қауіпсіздік
Жергілікті БАҚ таратқан мәліметтер сұмдық жайттың бетін ашты. Мәлім болғандай, бұл көңіл көтеру орнында соңғы бес жыл бойы ешқандай өртке қарсы тексеру жүргізілмеген. Дәл осы немқұрайлылық Жаңа жыл түніндегі жарылыс пен өрттің осыншама ауыр зардаптарға әкелуіне басты себеп болуы мүмкін.
Сенбі күні Жак пен Джессика Моретти Сьон қаласындағы прокуратураға келіп, жауап берді. Алайда, олар журналистердің сұрақтарына ешқандай түсініктеме беруден бас тартқан.
Қайғылы оқиға қалай болды
Қайғылы жағдай 1 қаңтарға қараған түні Кран-Монтана курортындағы Constellation барында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, алдымен жарылыс, артынша ірі өрт шыққан.
Қасым-Жомарт Тоқаев Кран-Монтана тау-шаңғы курортындағы өрт салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты Швейцария Конфедерациясының Президенті Ги Пармеланға көңіл айтты.
Швейцария билігінің мәліметінше, Кран-Монтана тау шаңғысы курортындағы барда болған өрт салдарынан зардап шеккендердің кемінде 80-і ауыр жағдайда жатыр.
Сонымен қатар Швейцария билігі Кран-Монтана тау шаңғысы курортында болған қайғылы оқиғаға байланысты бес күндік аза тұту жариялады.