Швейцариядағы өрттен зардап шеккен 80 адам ауыр халде жатыр

Автор: Дәулет Ботагөз

Дәрігерлер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр

Фото: bbc.com

Швейцарияның әйгілі тау шаңғысы курортында болған қайғылы оқиғадан кейін ондаған адам жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер күшейтілген режимде жұмыс істеуде, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Зардап шеккендердің жағдайы ауыр

Швейцария билігінің мәліметінше, Кран-Монтана тау шаңғысы курортындағы барда болған өрт салдарынан зардап шеккендердің басым бөлігі ауыр жағдайда. Ресми дерекке сәйкес, 115 адамның кемінде 80-і жансақтау бөлімінде, олардың жағдайы критикалық деп бағаланып отыр.

Вале кантоны үкіметінің төрағасы Матиас Рейнардың айтуынша, құтқару және медициналық қызметтер бақылауындағы науқастардан бөлек, балама жолдармен ауруханаға жеткізілген ауыр жараланғандар да бар. Сондықтан ауыр халдегі адамдардың нақты саны ресми көрсеткіштен де жоғары болуы мүмкін.

Ауруханаларда орын тапшылығы байқалады

Жергілікті және шетелдік БАҚ мәліметінше, Вале кантонындағы медициналық мекемелер науқастардың көптігінен шамадан тыс жүктелген. Осыған байланысты бірқатар зардап шеккендер өңірден тыс орналасқан клиникаларға шұғыл түрде жеткізілген.

Дәрігерлер ауыр күйік пен түтіннен улану белгілері бар науқастарға тәулік бойы көмек көрсетіп жатыр.

Қайғылы оқиға қалай болды

Қайғылы жағдай 1 қаңтарға қараған түні Кран-Монтана курортындағы Constellation барында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, алдымен жарылыс, артынша ірі өрт шыққан.

Полиция дерегінше, оқиға салдарынан ондаған адам қаза тауып, тағы шамамен 100 адам түрлі деңгейде жарақат алған. Қазіргі уақытта жарылыс пен өрттің нақты себептері анықталып жатыр, оқиға орнында тергеу және сараптама қызметтері жұмыс істеуде.

Қасым-Жомарт Тоқаев Кран-Монтана тау-шаңғы курортындағы өрт салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты Швейцария Конфедерациясының Президенті Ги Пармеланға көңіл айтты.