Прокуратура нақты қай ескерткіштің бүлінгенін хабарламаған
Астанадағы ескерткіштердің біріне барып, оның бет-аузын бояп кеткен әйел 196 мың теңгеден астам айыппұл төлейтін болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Астана прокуратурасының мәліметіне сүйенсек, полиция, әкімдік пен прокуратура бірлесіп «Заң мен тәртіп» идеологиясы аясында қаладағы вандализмге қарсы рейд жүргізген.
Жыл басынан бері бөтеннің мүлкін қасақана жойған 160 адам тіркеліп, олардың 93-і қамалған екен. Ал, 67 адамға 10,4 млн теңге көлемінде айыппұл салынған.
«Мысалы, биыл 12 тамыз күні сағат кешкі 19.20-да мас күйдегі азамат автобустың есігін қасақана теуіп, әйнегін сындырып кеткен. Сот оны 10 тәулікке қамаққа алды. 37 жастағы тағы бір азамат аялдаманы бүлдіргені үшін осы мерзімге сотталған», - деп хабарлайды прокуратура.
Ал айыппұл арқалағандардың арасында прокуратура мына әйелдің мәселесін ерекше атап өтіпті: 26 тамыз күні әйел адам таңертең қаладағы бір ескерткіштің бет-аузын бояп кеткен. Оған сот 50 АЕК, яғни, 196 000 теңге айыппұл салған.