Қызылжар ауданында заң мен тәртіп күшейіп, қорғаныс нысандары жаңғырып жатыр

Автор: Аягөз Құрмаш

Аудан қорғаныс саласының бірнеше бағытын жаңартып жатыр

Фото: gov.kz

Мемлекет басшысы құқық қорғау жүйесін жаңғыртып, цифрлық шешімдерді жедел енгізудің маңыздылығын үнемі айтады. Президенттің айтуынша, «Заң үстемдігі мен тәртіпті сақтау – мемлекеттіліктің берік іргетасы. Қоғамның тыныштығы мен халықтың қауіпсіздігі – біздің басты құндылығымыз». Бұл бағыттағы жұмыстар бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында да қарқынды жүріп жатыр. Осы бағыттағы жұмыстар аясында Қызылжар ауданында заманауи жедел басқару орталығы (ЖБО) іске қосылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Цифрландыру – қоғамдық қауіпсіздіктің кепілі

Жаңа орталық бейнебақылау және жол қозғалысын қадағалау жүйелерін біріктіріп, құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді. Барлық нысан талшықты-оптикалық байланыс арқылы қосылған.

Жедел басқару орталығы тәулік бойы жұмыс істеп, қоғамдық орындарды бақылайды, жол ережесін бұзу деректерін тіркейді және оқиғаларға жедел әрекет етеді. Қазіргі нәтижелер айқын: ашылған қылмыстардың үлесі екі есеге артқан.

Сонымен қатар, орталық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қолғабыс ретінде рұқсат етілмеген жерге қоқыс тастайтын тұлғаларды да анықтап жатыр. Бұл – экологияны қорғау ісінде де маңызды қадам.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, алдағы уақытта өңірдің барлық ауданында осындай орталықтар ашу жоспарланып отыр. Бұл қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз етудің тиімді жүйесін қалыптастыруға жол ашады.

Қызылжар ауданында заң мен тәртіппен қатар, табиғи апаттарға қарсы қорғаныс шаралары да күшейіп жатыр. Өңір басшысы жұмыс сапары барысында су тасқынына қарсы бөгеттердің құрылысы мен әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылым нысандарын бақылап, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстарды назарға алды.

Өңір басшысы ауданға жасаған сапары кезінде тағы бір маңызды нысандар - Қызылжар ауданына қарасты Тепличное және Прибрежное ауылдарында ұзындығы 5 шақырымды құрайтын бөгеттер салынып жатыр. Олардың биіктігі соңғы жылдардағы су тасқыны деңгейінен 1,5 метр биік болмақ. Айта кетейік, Қызылжар өңірі көктемгі су тасқыны көп тіркелетін өңірлердің бірі. 

«Нысандардың сапасына қатты назар аударамыз. Бұл ретте аудан басшылығына жұмыстардың сапасына қатаң бақылау жүргізуді тапсырдым. Петропавл қаласында да бөгеттерді қайта жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын. Қала әкімдігіне Ущева бөгетін абаттандыру, серуендеуге арналған жол салуды тапсырдым», – деді облыс әкімі Ғауез Нұрмағамбетов.

Жаңа көпір – қауіпсіздіктің кепілі

Әкім Универсальная көшесіндегі көпір құрылысының барысын да көрді. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін Караванная көшесіндегі көлік жүктемесі азайып, теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі артады. Сонымен қатар, облыс орталығына кіретін тағы бір жол ашылады.

Қызылжар ауданында қолға алынған бұл шаралар – тек құқық қорғау саласын ғана емес, жалпы өңірдің қорғаныс қабілеті мен тұрғындардың қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстардың бір бөлігі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев заң мен тәртіпті нығайту, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекеттің басты міндеті екенін үнемі атап өтеді. Бұл қағидаға сәйкес Қызылжар ауданында тек қоғамдық тәртіп емес, сонымен бірге табиғи апаттардан қорғаныс шаралары да күшейтіліп жатыр. Өңір басшысы жұмыс сапары барысында су тасқынына қарсы бөгеттердің құрылысы мен инфрақұрылымдық нысандарды бақылап, тұрғындардың қауіпсіздігіне баса мән берді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен тәртіп – әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтарының басты кепілі. Біз халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етпейінше, тұрақты дамуды қамтамасыз ете алмаймыз» деген сөзі осы бастамалардың мәнін айқын көрсетеді.