Астанада кальян шеккендер 17 млн теңгеден астам айыппұл төледі – әкімдік
435 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Астана әкімдігі кальян шеккендерге 17 млн теңгеден астам айыппұл салынғанын хабарлады, деп жазады Azattyq Rýhy.
Астанада қоғамдық қауіпсіздікті нығайту және «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру мақсатында Сарыарқа ауданының аппараты полиция басқармасымен бірлесіп ойын-сауық орындарында рейдтік шаралар өткізді.
Әкімдік мәліметінше, рейдтің басты міндеті – қоғамдық орындарда кальян мен өзге де темекі өнімдерін тұтынуға қатысты заңбұзушылықтарды анықтап, жолын кесу.
«ҚР ӘҚБтК-нің 441-бабына сәйкес, заңмен белгіленген орындарда темекі өнімдерін, оның ішінде қыздырылатын темекіні, кальян қоспаларын, электрондық тұтыну жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтарды пайдалануға қатаң тыйым салынады.
Жыл басынан бері Сарыарқа ауданында аталған талапты бұзғаны үшін 435 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – делінген хабарламада.