Қарағандыда сотталған адам қашып кете жаздады

Автор: Аягөз Құрмаш

Ұлттық ұлан сарбазы оған жол бермеген

Фото: gov.kz

Қарағанды қаласында ҚР Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланына қарасты әскери қызметші сотталған адамның қашып кету әрекетінің алдын алып, құқықтық тәртіпті сақтауға зор үлес қосты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

№6505 әскери бөлімінің жауынгері, қатардағы Мірсәлім Рысқұлов №9 бекетте күзетте тұрған сәтінде №29 түзету мекемесінен қашпақ болған сотталған адамды дер кезінде байқап, жедел әрекет етті.

Оқиғаны бірден бағалаған сарбаз байланыс құралдары арқылы қарауыл бастығына хабар беріп, дабыл белгісін іске қосты. Сонымен қатар, ескерту ретінде ауаға оқ атып, күзет ережелеріне сай әрекет етті. Оның уақытылы қабылдаған шешімі нәтижесінде сотталған адамның қашып кетуіне жол бермеді.

Бірнеше минут ішінде оқиға орнына бақылаушылар взводы жетіп, құқық бұзушыны ұстады. Нысанның қауіпсіздігі қалпына келтірілді. Қазіргі таңда оқиғаға байланысты қызметтік тексеріс жүргізілуде.

Әскери бөлім басшылығы Мірсәлім Рысқұловтың қырағылығы мен шешуші әрекеттерін атап өтіп, оны Ұлттық ұлан сарбаздарына тән жоғары жауапкершілік, кәсіби дайындық пен батылдықтың үлгісі ретінде бағалады.

«Қатардағы жауынгер Рысқұловтың нақты әрі жедел әрекеттері ауыр құқықбұзушылықтың жолын кесіп, күзетілетін мекеменің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді», — деп хабарлады ІІМ.